Отандық телеарналар қысқы Олимпиаданы тікелей эфирде көрсетпек
6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Төртжылдықтың басты спорттық додасын «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «Jibek Joly» республикалық телеарналары тікелей эфирде көрсетеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақ Олимпиадада спорттың 8 түрі бойынша 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы шорт-трек, конькимен жүгіру және мәнерлеп сырғанаудан олимпиадалық квоталарға ие болды.
Қысқы Олимпиадалар тарихында алғаш рет жарыстарды ресми түрде екі қала қатар қабылдайды. Италияда өтетін ойындарға әлемнің 100-ге жуық елінен 3000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған.
Олимпиада барысында отандық телеарналардың түсірілім топтары жарыстардан эксклюзивті хабар таратады. Сондай-ақ «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарында күн сайын «Олимпиада күнделігі» бағдарламасы эфирге шығады. Ал «Qazsport» телеарнасында тікелей эфирде «Милан – Кортина 2026» студиялық бағдарламасы көрермен назарына ұсынылады.