1200-ден астам нысан мүгедектігі бар азаматтарға бейімделді – ШҚО
Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар Қазақстан бойынша жүйелі түрде жалғасып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде әлеуметтік инфрақұрылымның 27 307 нысаны толықтай бейімделді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жұмыстар Қазақстанда іске асырылып жатқан 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Халықпен бірге» жобасы аясында атқарылуда. Аталған Жол картаға сәйкес, Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген 40 мыңнан астам нысанды кезең-кезеңімен бейімдеу көзделген. 2025 жылға дейін нысандардың кемінде 60 пайызы қолжетімді болуы тиіс еді, алайда өңірлер бұл межеден асырып орындады.
Ел бойынша бейімделген 27 307 нысанның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, сауда және қызмет көрсету мекемелері, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар бар. Бұл нысандарда тек пандус орнату ғана емес, ғимарат ішіндегі қозғалысты жеңілдету, қызмет алу барысындағы қолайлылықты арттыру сияқты кешенді шаралар жүзеге асырылды.
Кедергісіз ортаның кеңеюі мүгедектігі бар азаматтардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізіп отыр. 2025 жылы мемлекеттік бақылау аясында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына тексеру жүргізілді. Республика бойынша 1 176 нысан қамтылып, анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 597 нұсқама берілді. Белгіленген талаптар орындалмаған жағдайларда жалпы сомасы 96 млн теңгеден асатын әкімшілік айыппұлдар салынды. Ал профилактикалық бақылау кезінде алғаш рет анықталған кемшіліктер бойынша нысан иелеріне айыппұлсыз ескерту жасалып, оларды жоюға уақыт берілді.
Дереккөз/фото: Еңбек министрлігі