XXV қысқы Олимпиада: ел құрамасы әлемдік бәсекеге дайын
Елімізде қысқы спорт түрлерін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасып келеді. Қазіргі кезде еліміз үш аптадан кейін Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында жалауын желбірететін XXV қысқы Олимпиада ойындарына дайындықты аяқтап қалды. Осы аралықта ұлттық құрама спортшылары барлық негізгі лицензиялық халықаралық жарыстарға қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамып келеді. Атап айтқанда, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, биатлон, керлинг, шаңғы жарыстары, тау шаңғысы, фристайл (могул, акробатика), сноуборд, шаңғы қоссайысы, шайбалы хоккей, ски-альпинизм және трамплиннен секіру бағыттарында ұлттық құрамалар дайындық жүргізуде.
Ойындарға сапалы дайындықты қамтамасыз ету мақсатында спортшылар шетелдегі оқу-жаттығу жиындарына қатысып, халықаралық жарыстарда бақ сынады. Жалпы қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық командалар 612 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 434 халықаралық жарысқа қатысты.
Дайындық сапасын арттыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Нидерланд, Польша, Германия, Румыния, Ресей, Беларусь, Болгария және Словения елдерінен әлемдік деңгейдегі 13 шетелдік жаттықтырушы-кеңесші тартылды.
Төрт жылдық олимпиадалық цикл аясында қысқы спортты қаржыландыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ бюджеттен тыс және демеушілік қаражат есебінен 13,3 млрд теңге жұмсалды. Қаражаттың негізгі бөлігі спорттық құрал-жабдықтар мен экипировка сатып алуға, жаттықтырушылар мен спортшы-нұсқаушылардың еңбекақысын төлеуге, медициналық-фармакологиялық қамтамасыз етуге, халықаралық жарыстар мен лицензиялық турнирлерге қатысуға, ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуге және оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бағытталды.
Қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаларды даярлау Мемлекет басшысының спорт саласын жаңғырту және жоғары жетістіктер спортындағы нәтижені арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Туризм және спорт министрлігі қысқы спорт дисциплиналарын дамытуға және елдің спорт резервін қалыптастыруға бағытталған жүйелі шараларды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.