KZ
Өскемен
-10°
туман жел 2 м/с, З
502.27 597.15 6.57

Мемлекет тарапынан бөлінетін медициналық сақтандыру жарнасының ескеру керек тұстары

18.01.2026, 16:00 117 Базарова Айгүл

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне мемлекет тарапынан төленетін жарналар кезең-кезеңімен ұлғайтылатын болады. Бұл шаралар МӘМС жүйесінің міндеттемелері артып келе жатқанын, соның ішінде Бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізуге байланысты шығындардың өсуін ескере отырып қарастырылғаны туралы хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылғандай, қазіргі таңда мемлекет МӘМС жүйесіне жеңілдікті санатқа жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Олардың қатарына балалар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, жүкті әйелдер және басқа да әлеуметтік осал топтар кіретін 15 санат жатады. Аталған жарналар республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады және өз бетінше төлем жасауға мүмкіндігі жоқ азаматтардың медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі жарналар мен аударымдар мөлшерлемесі әлемдегі ең төмен деңгейде екені атап өтілді. Мәселен, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 пайызды құрады, ал бірқатар шет мемлекеттерде ұқсас мөлшерлемелер 9–14,5 пайыз аралығында. МӘМС жүйесін модельдеу кезінде бастапқыда анағұрлым жоғары мөлшерлемелер көзделгенімен, жүйе іске қосылған кезде олар едәуір төмендетілген.

Жүйенің міндеттемелері кеңейіп, шығындары артқан қазіргі жағдайда қолданыстағы қаржылық модель оның ұзақ мерзімді тұрақтылығын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Осыған байланысты мемлекет жарналарының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылып отыр: 2027 жылдан бастап 2,2 пайызға дейін, ал 2037 жылға қарай 4,7 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Бұл ретте қызметкерлердің жарналары мен жұмыс берушілердің аударым мөлшерлемелері өзгеріссіз қалатыны баса айтылды. Ұсынылып отырған шаралар МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға және халықтың медициналық көмекке ұзақ мерзімді әрі тұрақты қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.





Дамир Омаров

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу