Қазақстан мен Израиль СІМ басшылары Астанада келіссөздер жүргізді
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Астанаға ресми сапармен келген Израиль Мемлекетінің Сыртқы істер министрі Гидеон Саармен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында тараптар саяси диалогтың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту тетіктерін, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, туризм саласындағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ ғылым, білім беру және денсаулық сақтау бағыттарындағы тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Ерекше назар технологиялар трансферіне, салалық ведомстволар мен іскер топтар арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге аударылды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Сапар аясында Қазақстан мен Израильдің сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялардың 12-ші раунды өтті. Онда халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыста бейбіт реттеуге жәрдемдесу және сенімді нығайтуға бағытталған бастамалар қаралды. Тараптар Қазақстанның Газадағы Бейбітшілік кеңесінің қызметіне қатысуы мен Ибраһим келісімдері аясындағы өзара іс-қимыл жөнінде пікір алмасты.
Келіссөздер барысында Ермек Көшербаев 1992 жылдан бері қалыптасқан екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, Израиль СІМ басшысының Астанаға сапары серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге деген ортақ ұмтылыстың айғағы екенін жеткізді. Ол сондай-ақ қазіргі кезеңде екіжақты диалогтың жандануында мемлекет басшыларының рөлі ерекше екенін айтты.
Қазақстан СІМ басшысы сауда, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту үшін жоғары әлеует бар екенін атап өтіп, агротехнологиялар мен тамақ өнеркәсібі, денсаулық сақтау мен фармацевтика, медициналық технологиялар, инфрақұрылым мен логистика, энергия тиімділігі және жаңартылатын энергия көздері салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға Қазақстан мүдделі екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол Қазақстанның цифрлық даму көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында екенін атап өтіп, израильдік компанияларды ынтымақтастыққа шақырды.
Өз кезегінде Гидеон Саар екі ел үшін өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдіріп, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың маңызын атап өтті.
Саяси консультациялардың қорытындысы бойынша Дипломатиялық кадрларды даярлау және Қоғамдық дипломатия саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға, сондай-ақ туристік алмасуларды дамыту мақсатында ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату жөніндегі келісімге ниеттілік туралы меморандумға қол қойылды.
Сапар аясында екі елдің іскер топтарының қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырылып, B2B және B2G форматтарында кездесулер өтті. Онда жоғары технологиялы ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және цифрлық технологиялар салаларындағы бірлескен жобалардың перспективалары талқыланды.
Айта кетейік, Қазақстан мен Израиль арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 10 сәуірде орнатылған. 2025 жылғы қаңтар–қараша айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 162,4 млн АҚШ долларын құрады.
Бұл – Гидеон Саардың Астанаға жасаған алғашқы сапары, сондай-ақ соңғы 16 жылдағы Израиль Сыртқы істер министрінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары.
Фото: ҚР СІМ






