KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
502.27 597.15 6.57

16,8 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Бүгін, 10:30 31 Ержан Әбіш

2025 жылдың қорытындысы бойынша 16 805 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Ал тәуелсіздік жылдарынан бері, яғни 1991 жылдан бастап Қазақстанға 1 млн 164,8 мың этникалық қазақ қоныс аударды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елге оралған қандастардың басым бөлігі Өзбекстан (44,5%) мен Қытайдан (44,1%) келген. Сонымен қатар 4 пайызы – Түрікменстаннан, 3 пайызы – Моңғолиядан, 2,5 пайызы – Ресейден, ал 1,9 пайызы басқа мемлекеттерден көшіп келген.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қандастардың 57,4 пайызы еңбекке қабілетті жаста, 34 пайызы – еңбекке қабілетті жастан кіші, ал 8,6 пайызы – зейнеткерлер.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі мынадай:
- 15 пайызы – жоғары білімді;
- 27,5 пайызы – орта кәсіби білімді;
- 51,2 пайызы – жалпы орта білімді;
- 6,3 пайызы – білімі жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне орналастырылды. Сонымен бірге еңбек күші тапшы өңірлер ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары айқындалды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша аталған қоныстандыру өңірлеріне 2 309 қандас көшіп барды. Бұл көрсеткіш жылға бекітілген квотаға толық сәйкес келеді.

Қандастарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылуда. Атап айтқанда, көшуге байланысты отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) көлемінде біржолғы субсидия беріледі. Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін (59-118 мың теңге) төленеді.

2025 жылы 1834 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетіліп, оның ішінде 428 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында солтүстік өңірлерге көшіп келген азаматтарды жұмысқа қабылдайтын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар да енгізілді.

Сонымен қатар тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты қолданысқа енгізілді. Өткен жылы бұл сертификатты 586 отбасы алды. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап сертификат мөлшері 1 625 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу