KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, СБ
502.27 597.15 6.57

ШҚО-да полиция «Қазақтелеком» атын жамылушы алаяқтар пайда болғанын ескертеді

Бүгін, 09:30 38 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті тұрғындарды зиянды қосымшалар арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткені жөнінде ескертеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін «Қазақтелеком» компаниясының қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар байланыс қызметіне жасалған келісімшарттың мерзімі аяқталғанын айтып немесе «ерекше жеңілдіктер» ұсыну арқылы сенімге кіруге тырысады. Кейін WhatsApp мессенджері арқылы «деректерді жаңарту» немесе «жеңілдікті іске қосу» сылтауымен арнайы сілтеме жолдайды.

Аталған сілтеме арқылы өткен жағдайда телефонға зиянды файл (APK) жүктеледі. Оны орнатқан сәттен бастап қылмыскерлер азаматтың банк қосымшалары мен жеке деректеріне қашықтан толық қол жеткізе алады.

Мұндай шабуыл кезінде келесі белгілер байқалуы мүмкін:
- телефонның қатты қызып кетуі;
- экранның бұғатталуы;
- құрылғының басқару командаларына жауап бермеуі.

Осындай жағдайға тап болғанда не істеу керек?
- Телефонды қуат батырмасын ұзақ басу арқылы мәжбүрлеп өшіріңіз;
- SIM-картаны шығарып, интернет байланысын ажыратыңыз (Wi-Fi роутерін өшіріңіз);
- Мүмкіндік болса, аккумуляторды алып тастаңыз;
- Басқа құрылғы арқылы банкпен дереу байланысып, барлық шоттар мен карталарды бұғаттаңыз;
- 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз.

Полиция департаменті ескертеді: байланыс операторларының қызметкерлері ешқашан мессенджерлер арқылы үшінші тарап қосымшаларын орнатуға арналған сілтемелер жібермейді.

Алаяқтардың арбауына түспеу үшін сақ болыңыз және күмәнді сілтемелерге өтпеңіз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу