Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ
Елімізде Нипах вирусын жұқтыру, сондай-ақ аталған инфекцияның ел аумағына әкеліну жағдайлары тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты және уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар профилактикалық мақсатта және Үндістандағы Нипах вирусына қатысты эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік шекара арқылы өтетін барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтті.
Үндістаннан, сондай-ақ ауру тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азияның өзге де елдерінен келетін азаматтарға ерекше назар аударылуда. Осы инфекция бойынша қолайсыз деп танылған елдердің тізбесі тұрақты түрде қайта қаралып, жаңартылып отырады.
Медициналық ұйымдар инфекцияның әкеліну қаупі туындаған жағдайда толық дайындыққа келтірілді. Шұғыл медициналық көмек бригадалары мен инфекциялық стационарлардың дайындығы қамтамасыз етіліп, дәрілік заттардың, жеке қорғаныш құралдарының және дезинфекциялау құралдарының жеткілікті, азайтылмайтын қоры қалыптастырылды.
Инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында эндемиялық елдерге сапарлауды жоспарлаған азаматтарға жеке профилактика шараларын қатаң сақтау, сондай-ақ елге оралғаннан кейін ауру белгілері байқалған жағдайда барған елі туралы ақпаратты көрсете отырып, дереу медициналық көмекке жүгіну ұсынылады.
Нипах вирусы зооноздық инфекцияларға жатады және адамға жануарлардан, соның ішінде жарқанаттар мен шошқалардан, сондай-ақ жұқтырған адаммен тығыз байланыс кезінде жұғуы мүмкін. Сонымен қатар вирус ластанған тағамдар мен сусындар арқылы да беріледі. Ауру жоғары дене қызуымен, бас ауруымен, жалпы әлсіздікпен сипатталады. Ауыр жағдайларда орталық жүйке жүйесінің зақымдануы мен пневмония дамуы мүмкін.
Қазіргі уақытта Нипах вирусына қарсы арнайы емдеу әдісі мен мақұлданған вакцина жоқ, көрсетілетін медициналық көмек симптоматикалық сипатта жүргізіледі.