Денсаулық сақтау министрлігі: Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты
gov.kz
Бүгін ҚР Бас санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте соңғы 8 айдағы эпидемиологиялық ахуалдың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жүйелі профилактикалық шаралардың арқасында елде оба, тырысқақ, дифтерия, полиомиелит, іш сүзегі сияқты 21 қауіпті инфекциялық ауру тіркелмеген. Сонымен қатар 33 инфекция бойынша сырқаттанушылық төмендеген. Мәселен, А вирустық гепатиті 2,5 есе, коронавирус 1,6 есе, туберкулез 12,6%-ға, қызылша 91%-ға, көкжөтел 8 есе азайды.
Толықтыра иммундау аясында биыл 191 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы, ал 235 мыңнан астам бала көкжөтелге, дифтерия мен сіреспеге қарсы егілді.
Қыркүйек айында өңірлерде 293 мың ЖРВИ жағдайы тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе азайған. Ал тұмау жағдайлары әзірге анықталған жоқ. ДДСҰ деректеріне сәйкес, алдағы маусымда A (H1N1), A (H3N2) және B тұмау вирустары таралуы мүмкін. Осыған байланысты халыққа 2,1 млн «Гриппол плюс» вакцинасы тегін ұсынылады.
Эпидемиологиялық маусымға дайындық мақсатында медициналық ұйымдар дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының қорын жасақтап, профилактикалық шаралар кешенін бастады. Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және қоғамдық тамақтану орындарының санитариялық жағдайын бақылау күшейтілді.