KZ
Өскемен
-7°
туман жел 1 м/с, С
503.9 603.32 6.61

28 қаңтар – Дербес деректерді қорғау күні

Кеше, 11:00 60 Ержан Әбіш

28 қаңтар – Дербес деректерді қорғаудың халықаралық күні. Бұл күн цифрландыру үдерісі жеделдеген қазіргі жағдайда азаматтардың дербес деректерін қорғау құқықтарының маңызын арттырып, оларды өңдеуге жауапты әрі саналы көзқарас қалыптастырудың өзектілігін айқындайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасында дербес деректерді қорғау цифрлық даму мен киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Осы мақсатта мемлекет дербес деректердің құқықтық, техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан қорғалу деңгейін күшейтуге бағытталған кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Соңғы жылдары бұл саладағы нормативтік құқықтық база айтарлықтай жаңартылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңына автоматтандырылған өңдеуді реттейтін, сондай-ақ дербес деректер субъектілерінің келісім беру және оны қайтарып алу тәртібін нақтылайтын бірқатар өзгерістер енгізілді.

2026 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі қабылданды. Аталған құжат цифрлық қатынастарды реттеудің бірыңғай қағидаттарын белгілеп, деректердің, оның ішінде дербес және иесіздендірілген деректердің құқықтық мәртебесін айқындайды. Кодекс деректер айналымы, оларды қорғау және пайдалану саласында жүйелі тәсіл қалыптастыруға бағытталған.

Дербес деректерді қорғауды күшейту мақсатында 2025 жылғы желтоқсанда оларды қорғау жөніндегі шараларды іске асыру қағидалары жаңартылды. Қолжетімділігі шектеулі дербес деректердің жүз мыңнан астам жазбасын өңдейтін операторлар үшін пайдаланушыларды сәйкестендіру және аутентификациялау талаптары күшейтілді. Атап айтқанда, биометриялық аутентификацияны қолдану көзделіп, бұл рұқсатсыз қол жеткізу мен деректердің таралу тәуекелдерін азайтуға бағытталды.

Сонымен қатар дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл мөлшері отыздан бастап екі мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылып, ұйым басшыларының жеке жауапкершілігі енгізілді. Бұл салада мемлекеттік бақылау тұрақты негізде жүзеге асырылып келеді.

Мамандар азаматтарға дербес деректерін ұсыну барысында сақтық танытып, қолжетімділікті бақылаудың мемлекеттік құралдарын белсенді пайдалануға және цифрлық қауіпсіздіктің базалық талаптарын сақтауға кеңес береді.

Дербес деректерді қорғау – мемлекет, бизнес және қоғам үшін ортақ міндет. Заңнаманы жүйелі түрде жетілдіру, заманауи технологияларды тиімді қолдану және белгіленген талаптарды сақтау – Қазақстан Республикасының цифрлық кеңістігінде сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі шарттары.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу