KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 2 м/с, ОБ
495.1 583.72 6.46

ЮНИСЕФ «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасының қабылдануын құптады

27.01.2026, 21:00 136 Базарова Айгүл

ЮНИСЕФ 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» кешенді ұлттық стратегиясының қабылдануын жоғары бағалайды. Бағдарлама еліміздегі халықтың шамамен 34 пайызын құрайтын 6,9 миллион баланың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген ұлттық бағдарлама балалар мүддесін қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың бірыңғай стратегиялық бағытын қалыптастырады. Құжат әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру және балалар қауіпсіздігін қамтитын 158 нақты шараны көздейді. Бағдарламаның жалпы бюджеті 2,6 млрд АҚШ долларын құрайды.

Стратегия аясында отбасыларды қолдау, позитивті ата-ана болу мәдениетін дамыту, балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңа медициналық және оңалту мекемелерін қоса алғанда, балаға бағдарланған инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілген. Сонымен қатар инклюзивті және балаға мейірімді қызметтерді кеңейту, өңірлік деңгейде балаларды қорғау жүйесін нығайту, мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру және мектептерде психологиялық қолдауды дамыту көзделген.

ЮНИСЕФ бағдарламаны әзірлеу барысында Қазақстан Үкіметінің негізгі стратегиялық серіктесі болды. Ұйым Бала құқықтары туралы конвенцияның халықаралық нормаларын, БҰҰ-ның жаһандық стратегияларын және әлемдік озық тәжірибелерді ұлттық саясатқа енгізуге жүйелі қолдау көрсетті. Атап айтқанда, бағдарламаның тұжырымдамалық негіздерін, нәтижелер индикаторларын, салааралық үйлестіру тетіктерін және мониторинг пен бағалау тәсілдерін әзірлеуге сараптамалық қолдау берілді.

Сонымен қатар, балалар мен отбасыларды ерте анықтау және сүйемелдеу жүйелерін дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу, әлеуметтік және психологиялық қолдау қызметтерін кеңейту, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау саласындағы кадрлық әлеуетті нығайту бағыттары қамтылды. Бағдарлама жаһандық дәлелді тәжірибелерге, MICS деректеріне және талдамалық зерттеулерге негізделген.

«Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы Мемлекеттік кеңесші, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Оқу-ағарту министрлігі, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, азаматтық сектор өкілдері және ұлттық консультациялар барысында пікір білдірген балалардың қатысуымен кең ауқымды ведомствоаралық ынтымақтастық нәтижесінде әзірленді.

Бағдарламаны қабылдау Тұрақты даму мақсаттарына, соның ішінде ТДМ 3 «Денсаулық және әл-ауқат», ТДМ 4 «Сапалы білім» және ТДМ 10 «Теңсіздікті қысқарту» бағыттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосады.

ЮНИСЕФ алдағы уақытта да халықаралық сараптаманы жұмылдыра отырып, ұлттық және өңірлік деңгейде реформаларды іске асыруға, тұрақты қаржыландыру және есеп беру жүйелерін дамытуға, сондай-ақ саясатты қалыптастыруда балалар мен жастардың қатысуын кеңейтуге қолдау көрсетуді жалғастырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу