Биыл 5 мыңнан аса этникалық қазақ елге оралды
Фото: gov.kz
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 5 496 этникалық қазақ тарихи отанымен қауышып, ресми түрде қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 153 мың этникалық қазақ көшіп келген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері елге оралған қандастардың жартысынан астамы – Қытай мен Өзбекстаннан. Нақтырақ айтқанда, 45,8 пайызы – Қытайдан, 41,2 пайызы – Өзбекстаннан, 5,5 пайызы – Түрікменстаннан, 2,6 пайызы – Моңғолиядан, 2,4 пайызы – Ресейден, ал қалған 2,5 пайызы басқа елдерден келген.
Қазіргі таңда елге көшіп келген қандастардың 60 пайыздан астамы еңбекке қабілетті жаста. 31 пайызы – балалар мен жасөспірімдер, 9 пайызға жуық адам – зейнеткер.
Білім деңгейі бойынша еңбекке қабілетті жастағы қандастардың:
– 17 пайызы – жоғары білімді
– 27,4 пайызы – арнаулы орта білімді
– 53,2 пайызы – жалпы орта білімді
– 2,4 пайызы – білімсіз
Этникалық қазақтар еліміздің әр өңіріне қоныстанып жатыр. Алайда еңбек күші жетіспейтін бірқатар облыстар арнайы қоныстандыру өңірі ретінде белгіленген. Олар – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
2025 жылға аталған өңірлерге қандастарды қабылдау квотасы – 2 309 адам. Ал жыл басынан бері бұл облыстарға 917 адам көшіп барған.
Қоныс аударған қандастарға мемлекет тарапынан бір реттік көмек қарастырылған. Атап айтқанда:
– Отағасына және әрбір отбасы мүшесіне – 70 АЕК көлемінде (275 мың теңгеден астам);
– Үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге – 15-тен 30 АЕК-ке дейін (59–118 мың теңге аралығында, бір жылға).
2025 жылдың алғашқы алты айында 340 қандасқа түрлі әлеуметтік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 163 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Сонымен бірге, солтүстік өңірлерге ерікті түрде көшетін қандастарды ынталандыру үшін жаңа қолдау тетіктері енгізілген. Жұмыс берушілерге жағдай жасау, тұрғын үй алуға немесе салуға көмек ретінде экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Бұл сертификаттың сомасы – бір отбасыға дейінгі есеппен 4,56 миллион теңгеге дейін, қайтарымсыз түрде ұсынылады.