Елімізде «Қауіпсіз аула» профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр
Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында республика аумағында «Қауіпсіз аула» атты профилактикалық іс-шара ұйымдастырылуда. Аталған шара құқықтық тәртіпті нығайтуға және түрлі құқық бұзушылықтардың, соның ішінде масаң күйде жасалатын заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері әкімшілік учаскелерді аралап, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ ішкі істер органдарында есепте тұрған азаматтар тұрғылықты жері бойынша тексеріліп, профилактикалық сипаттағы құқық бұзушылықтарды анықтау шаралары қолға алынған.
«Қауіпсіз аула» іс-шарасын өткізуге еріктілер, қоғам белсенділері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері де тартылып отыр. Бұл – қоғамдық тәртіпті сақтауда бірлескен жауапкершіліктің маңызын арттыруға бағытталған қадам.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды қоғамдық тәртіп пен жеке қауіпсіздікке бейжай қарамауға, сондай-ақ кез келген құқық бұзушылық деректері туралы полиция органдарына жедел хабарлауға шақырады.