KZ
Өскемен
-4°
небольшой снег жел 3 м/с, ОШ
503.35 590.63 6.62

Таулы аймақтарда қар көшкінінің қаупі қандай факторларға байланысты?

17.01.2026, 15:00 196 Базарова Айгүл

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің ШҚО филиалы Алтай, Катонқарағай, Самар, Глубокое аудандары мен Риддер қаласы аумағындағы автомобиль жолдары мен демалыс аймақтарында мониторинг жұмыстарын жүргізді. Мамандар өздігінен қар көшкіні жүру қаупі жоғары ошақтарды тексеріп, беткейлердегі қар жамылғысының құрылымын жан-жақты зерттеді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Сонымен қатар, ауа температурасы, ылғалдылық деңгейі мен желдің әсері сарапталды. Әсіресе, желдің ықпалы басты назарда, қалай дегенмен жел үйінділері қар көшкінінің пайда болуына себеп болатын негізгі факторлардың бірі болып есептеледі.

Тексеру нәтижесінде беткейлердегі қар қалыңдығы 45 сантиметрден 80 сантиметрге дейін жететіні анықталды. Тұрақсыз учаскелерге жиналған қар массасы қар көшкіндерінің өздігінен жүруіне де, қар қабатының отыруы мен тығыздалуына да тікелей әсер етеді.

«Қазселденқорғау» мамандарының мәліметінше, қар қабаты тік беткейлерде орташа деңгейде, ал басқа аумақтарда жақсы бекітіліп, жалпы жағдайы тұрақты деп бағаланған. Бұл бақылау жүргізілген аумақтарда қар көшкінінің өздігінен жүру ықтималдығы төмен екенін көрсетеді.

Филиал басшысы Ербол Бекпаевтың айтуынша, қар көшкіні қаупі тұрақты бақылауда.

«Біздің мамандар көшкін қаупіне күнделікті мониторинг жүргізіп отырады. Қауіп күшейген жағдайда беткейлерді қардан тазарту бойынша алдын алу шаралары қабылданады. Мәселен, өткен маусымда осы кезеңде 26 профилактикалық қар көшкінін түсіру жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар көшкін қаупі бар аумақтарда демалушылар мен елді мекен тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», – деді ол.

Мамандардың пайымынша, қар көшкінімен байланысты оқиғалардың басым бөлігінде адам факторы негізгі себепке айналады. Егер таудағы маршрутты таңдау мен көшкін қаупін бағалау жеке болжам мен сезімге емес, нақты деректерге сүйеніп жүргізілсе, көптеген қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.

Осыған байланысты құтқарушылар мен «Қазселденқорғау» қызметкерлері азаматтарды тауға шықпас бұрын ауа райы болжамын мұқият ескеруге шақырады. Қар жауған, боран соққан немесе қатты жел тұрған кезде тауға шығу аса қауіпті. Ауа райы жағдайлары туралы өзекті ақпаратты «Дармен» мобильді қосымшасы арқылы алуға болады.

Қар көшкіні қаупі бар учаскелерден өткен кезде тоқтап қалмай, қауіпті аймақтан мүмкіндігінше тез кету қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу