ТЖМ: смартфондағы төтенше хабарламаларды қабылдау функциясын қосыңыз
Төтенше жағдайлар министрлігі халықты жедел құлақтандыру жүйесінің тиімді жұмыс істеуі үшін азаматтарды смартфондардағы Cell Broadcast функциясының қосулы тұрғанын тексеруге шақырады. Қазіргі таңда бұл технология негізіндегі Mass Alert жүйесі Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасай отырып.
Жүргізілген талдау нәтижесінде кейбір мобильді құрылғыларда, әсіресе, Huawei, Xiaomi секілді қытайлық брендтерде Cell Broadcast функциясы өшірулі болатыны анықталған. Соның салдарынан мұндай смартфон иелері төтенше жағдайлар кезінде жіберілетін жедел хабарламаларды алмауы мүмкін.
Сондай-ақ, төтенше ескертулердің келмеу қаупі операциялық жүйесі iOS 18-ден төмен iPhone құрылғыларында, Қазақстан аумағына ресми сертификаттаусыз әкелінген, ұялы байланыс операторларының желілерінде тіркелмеген немесе елде пайдалануға арналмаған мобильді телефондарда сақталады. Мұндай құрылғыларда жедел хабарламаларды қабылдау баптаулары шектеулі немесе мүлде жұмыс істемеуі ықтимал.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға смартфон баптауларынан Cell Broadcast функциясының қосулы тұрғанын тексеруді, ресми түрде әкелінген және тіркелген құрылғыларды пайдалануды, сондай-ақ операциялық жүйені уақтылы жаңартып отыруды ұсынады.
Министрлік мемлекеттік органдармен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, халықты төтенше жағдайлар туралы дер кезінде әрі сенімді ақпараттандыру жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын хабарлады.