KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, С
501.02 597.27 6.59

Қорғаныс министрлігі дрон басқарушы мамандарды даярлауға кірісті

19.01.2026, 14:00 126 Ержан Әбіш

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) мамандарын даярлауға арналған арнайы әскери мектеп ашылды. Қазіргі таңда оқу орнын тәмамдауға жақын 300-ден астам курсант FPV-дрондарды меңгеруге кірісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа мектептің ашылуы қазіргі соғыс әрекеттерінің сипатын түбегейлі өзгерткен ұшқышсыз ұшу аппараттарын кәсіби деңгейде басқаруға қабілетті офицерлерді даярлауға бағытталған. Енді курсанттар тәжірибелі оқытушылардың жетекшілігімен дрондарды басқару, оларды тиімді әрі қауіпсіз қолдану дағдыларын игере алады.

Оқу бағдарламасы аясында болашақ офицерлер ұшқышсыз кешендердің техникалық сипаттамасын, құрылысын, қолдану ережелерін, техникалық қызмет көрсету тәртібін, қауіпсіздік талаптарын және әртүрлі жағдайда пайдалану ерекшеліктерін меңгереді.

Әскери мектептің бастығы, подполковник Данияр Ділдабаевтың айтуынша, қазіргі заманғы технологияларды игеру курсанттарға ұшу аппараттарымен практикалық тұрғыда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл дағдылар бүгінде әскери салада ғана емес, өзге бағыттарда да кеңінен қолданылуда.

Сонымен қатар оқу барысында компьютерлік симуляторлардағы сабақтарға ерекше көңіл бөлінеді. Симуляторлар арқылы курсанттар ұшу тапсырмаларын орындап, төтенше жағдайларда техника мен жеке құрамға қауіп төндірмей әрекет етуге машықтанады.

Практикалық дайындық нақты жер бедеріндегі ұшуларды, кедергілер арасындағы маневрлерді, бақылау жүргізуді және өзге де оқу тапсырмаларын қамтиды. Мектеп аумағында FPV-дрондарға арналған арнайы дрон-трасса салынған. Алдағы уақытта бұл алаңда курсанттар арасында жарыстар өткізу жоспарланып отыр.

Айта кету керек, мектеп нұсқаушылары шағын FPV-дрондардан бастап орташа өлшемді «камикадзе» дрондарға дейінгі барлық аппараттарды өз қолдарымен жинайды. Алдағы кезеңде бұл тәжірибе курсанттарға да үйретілмек.

Қазіргі уақытта 300-ден астам бітіруші курсант факультативтік негізде оқытудан өтуде. Келесі оқу жылынан бастап ұшқышсыз ұшу аппараттарын меңгергісі келетін барлық курсанттарға бұл мүмкіндік қолжетімді болады.

Ұшқышсыз авиациялық жүйе мамандарын даярлау Қарулы күштерді ел қауіпсіздігі мен қорғаныс мүддесіне заманауи технологияларды тиімді пайдалана алатын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу