KZ
Өскемен
-14°
туман Штиль
501.02 597.27 6.59

Шығыс Қазақстан туризміндегі түйткілдер

30.01.2026, 09:30 82 Айна Бакимбаева

Облыстық әкімдікте өңірдің туристік әлеуетін арттыруға арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуда туризм саласында жылдар бойы қордаланып келген жүйелі мәселелер ашық айтылып, оларды шешудің нақты тетіктері талқыланды. Күн тәртібінде туристік маусым алдындағы дайындық, жолдардың жай-күйі, санитарлық-гигиеналық нысандар, тұрмыстық қалдықтарды шығару және туристік аймақтардың жалпы инфрақұрылымдық дайындығы тұрды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Басты мәселе – жол бойындағы санитарлық тораптар

Жиында ең алдымен туристер мен жергілікті тұрғындар күнделікті бетпе-бет келіп отырған ең өзекті проблема – жол бойындағы санитарлық-гигиеналық нысандардың жай-күйі сынға алынды. 2025 жылдың соңындағы мәліметке сәйкес, облыс аумағында барлығы 34 санитарлық торап тіркелген. Алайда олардың небәрі 11-і ғана субсидияланады, қалғаны өз бетінше күн көріп отыр немесе мүлде жұмыс істемейді.

Ең сорақысы – құны 8 миллион теңгеге дейін жететін заманауи дәретханалар орнатылғанымен, олардың бір бөлігі қаңырап бос тұр. Қаржы жұмсалған, нысан бар, бірақ қызмет жоқ. Кейбір санитарлық тораптардың нақты иесі анықталмаған: олар аудан әкімдіктерінің балансында да жоқ, салалық басқармалар да жауапкершілікті өз мойнына алуға асықпайды. Нәтижесінде бұл нысандар «жетімнің күйін» кешіп отыр.

Инфрақұрылымдағы олқылықтар – туризм дамуына тұсау

Аудан басшыларының айтуынша, көптеген санитарлық торапта қажетті инженерлік коммуникациялар толық тартылмаған. Қыстың қақаған аязында құбырлар қатып, дәретханалар жабылады. Уақтылы күтім болмаған соң, нысандар істен шығып, халық пен туристердің орынды наразылығын туындатып отыр.

Жиында сонымен қатар туристік аймақтардағы байланыс пен интернеттің әлсіздігі, қоқыс жинау орындарының жетіспеуі, электр қуатының тапшылығы мәселелері де көтерілді. Бұл – туризмді дамыту жөніндегі үлкен жоспарларға қарама-қайшы, өңірдің имиджіне тікелей әсер ететін түйткілдер.

Мәселенің түп-төркіні – басқарудағы жауапкершіліктің болмауы

Кеңес барысында бұл жағдайдың негізгі себептері ретінде басқару жүйесіндегі олқылықтар, ведомствоаралық үйлестірудің әлсіздігі және жол бойындағы сервисті дамытуға арналған нақты стратегияның жоқтығы аталды. Нысанның қай мекеменің балансында тұрғаны емес, оның халыққа нақты қызмет көрсетуі маңызды екені атап өтілді. Алайда жауапкершілік нақты бекітілмейінше, мәселе шешілмейтіні анық.

Нақты шешімдер мен мерзімдер

Осыған байланысты жол бойындағы санитарлық-гигиеналық нысандарды аудан немесе қала балансына жедел түрде беру ұсынылды. Ол үшін қажетті қаулылар, өкімдер немесе мәслихат шешімдерін бір апта ішінде рәсімдеу қажеттігі айтылды. Жергілікті атқарушы органдар бұл нысандарды қабылдауға дайын екенін білдірді, енді бастысы – рәсімдеу процесін созбалауға жол бермеу.

Жиынға салалық басқармалар мен аудан-қала әкімдіктерінің туризмге жауапты басшылары, турбизнес өкілдері, туроператорлар, туристік нысандар мен тау шаңғысы кластерінің өкілдері қатысты. Мұндай кең ауқымды құрам мәселенің бір ғана саланың аясында емес, кешенді түрде шешілуі тиіс екенін көрсетті.

– Біз осындай кеңестерді жүйелі түрде өткізуді көздеп отырмыз. Онда атқарылған жұмыстар да, қордаланған проблемалар да жан-жақты қаралады. Бүгін жол мәселесіне ерекше тоқталдық – келесі маусымға дейін қандай бағыттар іске қосылады, қай жолдарға басымдық беріледі, бәрі нақтыланды. Сонымен қатар жол шетіндегі дәретханалардың жай-күйі де көтерілді. Ең бастысы – олардың нақты иесін анықтау қажет. Бұл – бірлескен жұмыс, – деді «East Tourism Union» бірлестігінің төрағасы Ирина Клиновицкая.

Осы мақсатта туризмге қатысы бар барлық басқармалар мен қала-аудан өкілдерінің қатысуымен мұндай жиындарды ай сайын тұрақты өткізу жоспарланып отыр.

Жиында облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлімжан Дайырбаев өңірдегі туризмді дамытуға бағытталған кешенді жоспардағы міндеттерге тоқталды.

– Шығыс Қазақстан өңірінде туризмді дамытуға арналған кешенді жоспар әзірленді. Онда ішкі туризм бойынша 536 мың адамды, ал 44 мың шетелдік туристі тарту көзделіп отыр. Катонқарағай ауылында, Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасы жағалауында және Глубокое ауданының Горная Ульбинка ауылында туризмнің бас жоспарына түзетулер енгізілуде. Сонымен қатар Қытай туристерін тартуға бағытталған Канас – Марқакөл трансшекаралық туристік бағыты қарастырылған, – деді ол.

Жиын қорытындысында аудан басшыларына туризмнің бас жоспарларына енгізілетін түзетулерді сәуір айына дейін аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу