KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
505.17 599.54 6.59

ШҚО-да заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары жалғасуда

30.01.2026, 12:30 75 Ержан Әбіш

ШҚО-да заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес бүгінгі таңда облыс аумағында рұқсатсыз төгілген 186 қоқыс орны анықталған. Оның 105-і, яғни 56 пайызы жойылған. Бұл экологиялық бақылаудың заманауи технологиялар арқылы күшейтілгенін көрсетеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Экология департаментінің мәліметінше, соңғы екі жылда геомониторинг деректері негізінде көшпелі тексерулер ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілген. Нәтижесінде Шемонаиха ауданы мен Риддер қаласында анықталған барлық заңсыз қоқыс үйінділері толық жойылған. Алайда бірқатар аудандарда талаптардың орындалмау фактілері тіркелген.

Осыған байланысты 2024-2025 жылдары рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жоймағаны үшін 13 лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 983 мың теңгені құрап, толық көлемде өндірілді. Сонымен қатар заңсыз қоқыс орналастырудың нақты фактілері бойынша ауылдық округ әкімдері де аталған кодекстің 324-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылып, 147 450 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, полиция департаментінен келіп түскен материалдар негізінде Катонқарағай ауданындағы бірнеше ауылда анықталған заңсыз қоқыс үйінділері бойынша үш лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылған.

Аталған шаралар жергілікті атқарушы органдардың экологиялық талаптарды сақтау жауапкершілігін арттыруға және өңірдегі санитарлық-экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу