ШҚО-да «Победа» магистральдық каналы жаңартылуда
Шығыс Қазақстан облысында «Қазсушар» филиалы соңғы 30 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет «Победа» магистральдық каналы мен оның негізгі гидротехникалық нысандарын реконструкциялау жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда ұзындығы 6 шақырымды құрайтын канал бөлігі толықтай механикалық тазалаудан өткізілді. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге қажетті материалдарды сатып алу және жеткізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2025 жылға жоспарланған барлық жұмыстар белгіленген мерзімде толық орындалған.
Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазсушар» филиалының директоры Дәулет Жанысовтың сөзінше, қалған жұмыстар 2026 жылы жалғасын тауып, нысан толық пайдалануға беріледі. Бұл жоба өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсартуға және егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізбек.