KZ
Өскемен
-16°
переменная облачность Штиль
509.94 593.88 6.43

Елімізде лудоманияның алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр

Кеше, 12:00 76 Ержан Әбіш

Елімізде құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу және лудоманияға байланысты әлеуметтік тәуекелдерді төмендету бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыс атқарылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Лудоманияның алдын алу жұмыстары 2024-2026 жылдарға арналған «Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы күреске арналған кешенді жоспар» шеңберінде жүргізілуде. Аталған жоспар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген.

Жоспарды іске асыру барысында Туризм және спорт министрлігі бірқатар маңызды жұмыстарды жүзеге асырды. Атап айтқанда, түрлі демографиялық топтар арасында құмар ойындарға деген тәуелділіктің себептері мен ауқымын анықтау мақсатында республикалық әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Сауалнамаға 6 мың респондент қатысқан.

Сонымен қатар мектеп оқушылары, студенттер және басқа да жастар санаттары үшін лудоманияның алдын алуға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Бұл материалдар тәуелділікті ерте кезеңде анықтауға және оның алдын алуға бағытталған. Білім беру ұйымдары мен әскери бөлімдерде 800-ден астам педагог пен психологтың қатысуымен арнайы профилактикалық сабақтар өткізіліп, оқытуға арналған бейнематериалдар дайындалды.

Кешенді жоспар аясында орталық мемлекеттік органдар да бірқатар жұмыстарды атқарды. Мектептердегі Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының бағдарламаларына ойын және интернет тәуелділігінің алдын алу бөлімі енгізілді. Сонымен бірге, 6 мыңнан астам мектептің тәрбие жоспарларына лудомания мен құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу шаралары қамтылды.

Діни қызметкерлердің қатысуымен түсіндіру жұмыстары, соның ішінде уағыз форматындағы іс-шаралар ұйымдастырылып, 1 миллионнан астам адам қамтылды. Жоғары оқу орындарында саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған 400-ден астам іс-шара өткізілді. Ал әскери қызметкерлер арасында дөңгелек үстелдер, конференциялар мен сауалнамалар ұйымдастырылып, әскери бөлімдерде арнайы профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Бұдан бөлек, құмар ойындарға патологиялық бейімділігі бар азаматтарға, соның ішінде мамандандырылған оңалту орталықтарын тарта отырып, медициналық-әлеуметтік көмек пен оңалту шаралары көрсетілуде. Сондай-ақ республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы базасында лудоманиямен ауыратын адамдар мен олардың жақындарына психологиялық көмек көрсететін колл-орталық тұрақты түрде жұмыс істейді.

2024 жылдың сәуір айынан бастап мемлекеттік қызметшілер арасында ойын бизнесі мәселелері мен лудоманияның алдын алу тақырыбында орталық мемлекеттік органдарға арналған семинарлар өткізіліп келеді.

Туризм және спорт министрлігі өз құзыреті аясында қоғамдық денсаулықты қорғау және ойындарға жауапты көзқарасты қалыптастыру мақсатында профилактикалық шараларды одан әрі жалғастыруды көздеп отыр.

Ескерте кетерлік жайт, «Құмар ойынға патологиялық бейімділік» халықаралық деңгейде ресми түрде танылған және Халықаралық аурулардың жіктелімінде F63.0 коды бойынша тіркелген. 2023 жылғы қазанда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызмет сапасы жөніндегі біріккен комиссиясы бұл бұзылысты диагностикалау және емдеу бойынша клиникалық протоколды бекітті.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы мемлекеттік медициналық ұйымдарға F63.0 диагнозымен 69 адам, ал 2025 жылдың бірінші жартысында 35 адам жүгінген. Бұл лудоманияның алдын алу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырудың маңызын көрсетеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу