KZ
Өскемен
-14°
небольшой снег жел 3 м/с, С
503.35 590.63 6.62

Өңірде заңсыз лотерея мен онлайн-казино жарнамалағандар анықталды

Фото: Александр Шушеньков
Фото: Александр Шушеньков
14.08.2025, 16:15 432 Төлеуғазы Жансая

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті заңсыз ойын бизнесіне қарсы жүргізілген жұмыстардың нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2025 жылдың басынан бері Instagram желісінде заңсыз лотерея ұйымдастырған 12 аккаунт анықталды. Олардың иелері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабы бойынша жауапқа тартылып, жалпы сомасы 5 миллион теңге айыппұл салынды.

Онлайн-казино жарнамалау фактілері де назардан тыс қалмады. Маусым айында 2,3 миллион және 303 мың жазылушысы бар екі танымал блогердің стористерінде құмар ойындарға сілтемелер мен промокодтар жарияланғаны белгілі болды. Бұл деректер уәкілетті органдарға жолданды.

— Онлайн кеңістік — құмар ойындардың таралуының негізгі арналарының бірі, әсіресе кәмелетке толмағандар арасында. Біз интернет-контентке тұрақты мониторинг жүргізіп, заңсыз ойын сайттарын “Кибернадзор” жүйесі арқылы бұғаттауға жібереміз, — деді департаменттің 2-Оперативтік басқармасының міндетін атқарушы Қуат Рахимбаев.

Биыл 637 сайтты бұғаттауға сұраныс беріліп, оның 591-і сәтті жабылды. Сонымен қатар, құмар ойындарды заңсыз көрсеткен 21 интернет-ресурс анықталды.

Департамент лудоманияның алдын алу мақсатында ақпараттық жұмыстарды жалғастыруда. Ірі кәсіпорындарда еңбек ұжымдарымен кездесулер өтіп, QR-коды бар тақырыптық буклеттер мен плакаттар таратылуда. Бұл іске еріктілер мен жергілікті атқарушы органдар да атсалысып жатыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу