Былтыр еліміздің кітапханалары 240 мыңнан астам жаңа әдебиетпен толықты
2025 жылы елімізде кітап қорын жаңартуға бағытталған жүйелі жұмыстар нәтижесінде 119-дан астам атаудағы кітап 240 500 дана таралыммен жарық көріп, өңірлік кітапханаларға жеткізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа басылымдар қатарында «Шоқан. Ерек туған феномен» атты фотоальбом, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ғылыми және танымдық еңбектер, қазақ әдебиетіндегі алғашқы романдардың бірі – «Бақытсыз Жамал», сондай-ақ Ілияс Есенберлин, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев сынды көрнекті қаламгерлердің шығармалар жинақтары бар.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Италия тарапының қолдауымен Шоқан Уәлиханов туралы кітаптың итальян және ағылшын тілдеріне аударылған нұсқаларының таныстырылымы Рим қаласында өтті. Бұл қазақ ғылымы мен мәдениетінің әлемдік деңгейде танылуына жол ашты.
Сонымен қатар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласында өткен әлемдегі ең ірі халықаралық кітап жәрмеңкесіне екінші рет қатысуын қолдады. Көрме аясында ұлттық павильон ұйымдастырылып, мерейтойлық басылымдар таныстырылды. Олардың ішінде жеті тілге аударылған «Абайдың қара сөздері. Ұрпаққа ұлағат» кітабы ерекше назар аудартты. Ал «Бақытсыз Жамал» романы ұлттық прозаның алғашқы үлгілерінің бірі ретінде халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды.
Қазақ әдебиетін насихаттау жұмыстары ел ішінде ғана емес, шетелде де жалғасын тапты. Министрлік өкілдері Бейжің мен Гуанчжоу қалаларында өткен халықаралық кітап көрмелеріне қатысып, қазақ классиктері мен қазіргі заман авторларының шығармаларын таныстырды.
Жас қаламгерлерді қолдауға да айрықша мән берілді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жаңа авторлар буынын қалыптастыруға бағытталған үш ауқымды жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 35 көркем және ғылыми-танымдық жинақ жарық көріп, еліміздің кітапханаларына жол тартты.
Аталған бастамалар ұлттық әдебиетті дамытуға, кітап оқуды насихаттауға және мәдени мұраны кеңінен таратуға зор үлес қосып отыр.