Елімізде кітап оқу мәдениеті қалай дамып жатыр?
Қазақстанда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және ұлттық әдебиетті қолдау бағытындағы мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары бұл салада қабылданған бастамалар мен іске асқан жобалар елдегі рухани кеңістіктің кеңеюіне, оқырман қауымның артуына және отандық қаламгерлердің еңбегін кеңінен насихаттауға жол ашуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылғы 23 сәуірде Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні Қазақстанда алғаш рет кең көлемде аталып өтті. Атаулы күнге арналған құттықтауында Президент: «Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады», – деп, кітаптың қоғамдағы рөліне айрықша мән берген болатын. Бұл мереке кітапқа деген қоғамдық қызығушылықты арттырып, оқырман мен автор арасындағы байланысты нығайтуға серпін берді.
Ұлттық кітап күні апталығы аясында республика бойынша 300-ден астам мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында кітап көрмелері, авторлармен кездесулер, әдеби кештер, оқырмандар марафондары мен дөңгелек үстелдер өтті. Сонымен бірге тұңғыш рет жылдың басты мәдени оқиғаларының біріне айналған «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, үздік басылымдар мен авторлар көпшілікке таныстырылды.
Жазушыларды мемлекеттік қолдау жүйесі де кезең-кезеңімен дамып келеді. Бүгінде жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық табысталуда, «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы қайта жанданып, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл бастамалар қаламгерлерді жаңа шығармалар жазуға ынталандырып, әдеби ортаға серпін беруде.
Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағымен стратегиялық әріптестік аясында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Олардың ішінде «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», сондай-ақ қазақстандық қаламгерлердің ТМД елдерінің архивтерінде жүргізген зерттеу жұмыстары бар. Бұл жобалар отандық әдебиеттің тарихи тамырын терең зерттеуге және қазіргі заманғы әдеби үдерістерді дамытуға бағытталған.
Атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі баспа ісінен де айқын көрініс табуда. 2025 жылы 119 аталым әдебиет 240 500 дана жалпы таралыммен жарық көріп, еліміздегі жалпыға бірдей қолжетімді кітапханаларға таратылды. Бұл өз кезегінде өңірлердегі оқырмандардың сапалы әдебиетке қолжетімділігін арттырды.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек құндылығын көркем әдебиет арқылы насихаттауға бағытталған «Ерлік пен еңбек дастаны» республикалық байқауы ұйымдастырылды. Байқау еңбек адамының бейнесін көркем шығарма арқылы дәріптеп, жас оқырмандарға үлгі боларлық образдарды қалыптастыруды көздейді.
Қазақстандық әдебиетті халықаралық деңгейде таныту да басым бағыттардың бірі болып отыр. Италия тарапының қолдауымен Рим қаласында Шоқан Уәлихановтың мұрасына арналған басылымның тұсаукесері өтті. Итальян тілінде жарық көрген бұл еңбек ағылшын тілінде де қолжетімді болып, шетелдік оқырмандардың қызығушылығын тудырды.
Халықаралық бастамалар аясында қазақстандық баспагерлер Бейжің, Гуанчжоу және Майндағы Франкфурт қалаларында өткен ірі халықаралық кітап көрмелеріне қатысты. Әлемдегі ең беделді кітап жәрмеңкелерінің бірі – Франкфурттағы көрмеде ұлттық павильон ұйымдастырылып, жеті тілге аударылған «Абайдың қара сөздері. Ұрпаққа ұлағат» және өзге де мерейтойлық басылымдар халықаралық аудиторияға ұсынылды.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Air Astana әуе компаниясымен ынтымақтастық орнатып, жолаушыларға әуе кемелерінің бортында ұлттық аудиоконтентті тыңдау мүмкіндігін ұсынды. Бұл жоба кітап пен әдебиетті жаңа форматта насихаттауға бағытталған заманауи қадам ретінде бағалануда.
Жалпы, Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға және ұлттық әдебиетті қолдауға бағытталған бұл бастамалар рухани жаңғыруға, зияткерлік әлеуетті арттыруға және жас ұрпақты кітапқа жақындатуға қызмет етеді.