Мемлекеттік ұйым басшыларына кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат беріле ме?
Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында заңнамалық өзгерістер қабылданды. Ел Парламенті ведомстволық бағынысты ұйымдар басшыларының – мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, оның ішінде мектептер, ауруханалар және өзге де ұйымдардың директорлары мен жетекшілерінің кәсіпкерлік қызметпен айналысуына қойылған тыйымды алып тастайтын Заңды қабылдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған заңға сәйкес, ведомстволық ұйым басшыларына кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру көзделіп отыр. Алайда бұл құқық бірқатар қатаң талаптармен шектеледі. Кәсіпкерлік қызмет лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтірмеуі, қызметтік мүлікті жеке мақсатта пайдалануға жол бермеуі және мүдделер қақтығысын туындатпауы тиіс. Осылайша, мемлекеттік қызметтің бейтараптығы мен адалдығы негізгі қағидат ретінде сақталады.
Заңнамалық түзетулердің негізінде Конституциялық Соттың шешімі жатыр. Коммуналдық мемлекеттік мекеме директоры А. Белгібаевтың өтініші бойынша Конституциялық Сот бұрын қолданыста болған шектеуді Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы деп таныған. Сот шешімінде кәсіпкерлік қызметке қойылатын шектеулер лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты сараланған түрде қолданылуы тиіс екені атап өтілді.
Сонымен қатар, қабылданған өзгерістер ведомстволық ұйым басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы жауапкершілігін әлсіретпейді. Олар бұрынғыдай сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық субъектілері ретінде қаржылық бақылауға, кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыруға, мүдделер қақтығысының алдын алуға және жақын туыстарымен бірлесіп жұмыс істеуге тыйым салу талаптарына бағынады. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі ресми хабарлады.
Аталған заң Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғаннан кейін және ресми жарияланған соң ғана күшіне енеді.