KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 2 м/с, З
505.53 593.44 6.34

Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: 2026 жылы Катонқарағай және Зайсан аудандарында жаңа әуежай құрылысы аяқталады

Бүгін, 11:30 77 Базарова Айгүл

Үкімет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, оны ішінде Көлік министрлігі 2026 жылы азаматтық авиация саласында авиациялық хабтарды дамыту және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайту бағытындағы жұмысын жалғастырады, деп хабарлайды Altainews.kz.

ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева жұмыстың негізгі бағыттары туралы баяндады.

– Осы ретте еліміздің ірі авиациялық тораптарында инфрақұрылымдық жобалар кешенін іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Астана және Шымкент әуежайларында екінші ұшу-қону жолақтарының құрылысы басталады, Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалы қайта жаңғыртылады, сондай-ақ Ақтау әуежайының перронына күрделі жөндеу жүргізіледі, — деп атап өтті ол.

Сонымен қатар өңірлік жобалар да жүзеге асырылып жатыр, оның ішінде:

– Атырау әуежайының жаңа терминалын салу,

– Павлодар әуежайын реконструкциялау,

– Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар құрылысын аяқтау,

– Арқалық әуежайын қалпына келтіру.

Инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде әуежайларда JetA-1 авиаотын сақтау және құю жүйелері жаңартылады. Бұл авиакомпанияларды отынмен қамтамасыз ету мен қызмет көрсету сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Бұдан бөлек, 2026 жылдың соңына дейін әуе компаниялары 9 жаңа әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл әуе паркін шамамен 118 бірлікке дейін ұлғайтып, әуе тасымалдарының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Өңірлердің көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету және туризмді дамыту мақсатында әлеуметтік маңызы бар 23 әуе бағыты бойынша субсидиялау бағдарламасы жалғасын табады, — деп түсіндірді Салтанат Томпиева.

Сонымен қатар 2026 жылы халықаралық әуе қатынасын дамыту жұмыстары жалғасады. Халықаралық жаңа әуе бағыттарын ашу және бұрын тоқтатылған рейстерді жандандыру, сондай-ақ қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер жиілігін арттыру жоспарланып отыр.

Бағыттар желісін Орталық Азия мен ТМД елдеріне, сондай-ақ Таяу Шығыс, Еуропа және Азия мемлекеттеріне кеңейту көзделген. Атап айтқанда, Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Әр-Рияд, Даммам, Ларнака, Амман, Сиань, Шанхай, Үрімші, Қашғар, Варшава және басқа да бағыттар бойынша рейстер ашу жоспарлануда.

Сала кадрларын даярлау жүйесін реформалау жұмыстары жалғасады, жаңа авиациялық оқу орталығын құру мәселесі пысықталады, сондай-ақ азаматтық авиацияда цифрлық шешімдерді енгізу, паспорттық бақылау, e-Freight жүйесі және басқа да жүйелер автоматтандырылады.

– Сонымен қатар 2026 жылы ICAO-мен бірлесе азаматтық авиацияның Бас жоспары әзірленіп, саланы 2050 жылға дейін дамыту стратегиясы дайындалады. Жалпы алғанда, аталған міндеттер кешенді және жүйелі сипатқа ие болып, қазіргі инфрақұрылымдық және реттеуші мәселелерді шешуге, сондай-ақ саланың ұзақ мерзімді дамуы үшін тұрақты жағдай қалыптастыруға бағытталған. Олардың жүзеге асуы әуе тасымалдарының сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, ұшу қауіпсіздігін күшейтуге және Қазақстанның аймақтық және халықаралық авиациялық жүйедегі рөлін нығайтуға мүмкіндік береді, — деп қорытындылады сөзін ААК төрағасы.


Фото: t.me/kolikpress

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу