KZ
Өскемен
-11°
туман жел 1 м/с, С
503.9 603.32 6.61

Елімізде әуежайлар жаңғыртылып, ішкі әуемаршруттары кеңейтілмек

24.11.2025, 17:15 144 Базарова Айгүл

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен авиациялық хабтарды және автожол инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиында Үкімет басшысына 2040 жылға қарай жаһандық әуе нарығының екі есеге ұлғаюына қатысты халықаралық болжамдарды ескере отырып, алдағы үш жылға арналған азаматтық авиация секторын жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар ұсынылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Үкіметіне сілтеме жасап.

Кеңес барысында елдің негізгі әуежайлары – Астана мен Алматыны халықаралық деңгейдегі әуехабтарға айналдыру бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Астана әуежайында екінші ұшу-қону жолағын салуға қажетті жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау басталды. Жаңғырту аясында жаңа жүк және жолаушылар терминалдарын салу, инфрақұрылымды жетілдіру жоспарланған.

Алматы әуежайында жүзеге асырылатын Horizon стратегиялық бағдарламасы әуежайдың өткізу қабілетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Жоспар терминалдарды жаңарту, ұшу-қону жолақтарын модернизациялау, жүк және техникалық кластерлерді құру, сондай-ақ авиациялық қызметтер экожүйесін қалыптастыруды қамтиды.

ICAO стандарттарымен үйлесімділік

Қазақстан азаматтық авиациясының Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) талаптарына сәйкестігі ерекше назарда. ICAO аудитінің деректері бойынша елдің жалпы сәйкестік деңгейі 2025 жылы 95,7%-ға жеткен. Бұл көрсеткіш әлемдік (72,01%) және Еуропа елдерінің орташа (87,92%) деңгейінен едәуір жоғары.

Инфрақұрылымды жаңғырту және кадрларды даярлау

Жаңарту жоспары әуежайлар мен аэронавигациялық жүйелерді кең ауқымда дамытуға, халықаралық және ішкі бағыттар желісін кеңейтуге бағытталған. Әуе кемелері паркінің ұлғаюы және халықаралық оқу орталықтарын тарта отырып, салалық мамандарды даярлау жүйесін жетілдіру де қарастырылған.

Өңірлер арасындағы қолжетімділікті күшейту үшін ішкі авиамаршруттарды субсидиялау мәселесі де талқыланды.

Жолаушылар ағынының өсуі

2025 жылдың алғашқы он айында жолаушылар тасымалының көлемі 6% артып, 13 миллионнан астам адамға қызмет көрсетілді.

Азаматтық авиация саласының туризмге, саудаға, өңірлік даму мен инвестициялық тартымдылыққа оң мультипликативті әсер беретіні атап өтілді. Халықаралық бағалау бойынша, авиациядағы әрбір 100 жұмыс орны экономикадағы басқа салаларда 610 қосымша жұмыс орнын қалыптастырады.

Саладағы өзекті тапсырмалар

Премьер-министр Көлік министрлігіне Антимонополиялық агенттік және Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп авиакеросин жеткізу тізбегіндегі тиімсіз делдалдарды қысқарту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар транспорт саласындағы басталған жобаларды жедел іске асыру және жаңа инфрақұрылымдық бастамаларды қолға алу міндеттелді.

Әуежайларға жүргізілген инспекция қорытындылары

2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың ақпанына дейін республикадағы ірі және өңірлік әуежайлардың басым бөлігіне тексеріс жүргізілді. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Бас көлік прокуратурасымен бірге Астанадан Жезқазғанға дейінгі әуежайлардың техникалық жағдайы мен қауіпсіздігін бағалады.

Тексеру нәтижесінде Астана, Алматы, Ақтау, Орал, Шымкент, Ақтөбе және басқа да әуежайларда бірқатар ақаулар анықталды. Дегенмен, ресми мәліметте бұл сәйкессіздіктер ұшу қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірмейтіні атап өтілді. Негізгі олқылықтар – жөндеуді қажет ететін ұшу-қону жолақтары, рульдеу жолдары және перрондардағы тозу.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ұшу-қону жолақтарының жарамдылығын қамтамасыз ету үшін аэродром операторлары қажетті жедел шараларды қабылдап отырғанын хабарлады. Қажет болған жағдайда күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіледі.

Инспекция қорытындысы бойынша 24 нұсқама беріліп, кейбір нысандарда уақытша шектеулер енгізілді. Әкімшілік айыппұлдар қолданылған жоқ.


Жайна Сыранова

Фото: ҚР Үкіметі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу