Келер жылы Қазақстанда 12 заң жобасы қабылдау жоспарланып отыр
Мемлекет басшысының Жолдауы мен берген тапсырмаларын іске асыру аясында заң жобалау жұмыстарының 2026 жылға арналған жоспары әзірленді. Бұл туралы Үкімет отырысында әділет министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алдағы жылы Парламент қарауына барлығы 12 заң жобасын енгізу жоспарланып отыр. Заңнамалық бастамалар елдегі өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған.
Әлеуметтік қорғау саласында тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы заң жобасы, сондай-ақ еңбек заңнамасы мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне бірқатар түзетулер әзірленеді.
Президент тапсырмаларын орындау шеңберінде мемлекеттік мүлікке қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу, онлайн-платформалар мен масс-медиа қызметін реттеу мәселелері де қамтылған. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласында мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытуға арналған жеке заң жобасын қабылдау көзделіп отыр.
Министрлік заң жобаларын енгізу мерзімдеріне де тоқталды. Атап айтқанда, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламентке 5 заң жобасы, ал екінші жартыжылдығында 7 заң жобасы ұсынылады.