Шығыс Қазақстанда жаңа өрт сөндіру пункті іске қосылды
Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Маралды ауылында кезекті ерікті өрт сөндіру пункті салтанатты түрде ашылды. Бұл – өңір бойынша іске қосылған 151-ерікті өрт сөндіру бекеті. Жаңа нысан Маралды, Үшбұлақ және Қыстау-Күршім ауылдарының 1280-ден астам тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Өрт сөндіру пункті «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында құрылды. Салтанатты ашылу рәсіміне ауыл тұрғындары мен белсенділері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы қатысты.
Жаңа пункт заманауи өрт сөндіру және құтқару жабдықтарымен, байланыс құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жеке құрамға арналған арнайы құрал-жабдықтар мен тәулік бойы қызмет атқаруға мүмкіндік беретін қызметтік-тұрмыстық үй-жайлар қарастырылған.
Ерікті өрт сөндіру бекеттерінің желісін дамыту – ауылдық елді мекендер, әсіресе, шалғай орналасқан ауылдар үшін қауіпсіздікті арттырудың маңызды тетігі. Бұл бастама төтенше жағдайлардың алдын алып, тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға бағытталған.






