KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 2 м/с, З
512.83 600.58 6.36

Зайсан ауданының Кеңсай ауылында ерікті өрт сөндіру пункті ашылды – ШҚО

25.12.2025, 12:30 123 Ержан Әбіш

Еліміздің бірқатар өңірлерінде ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында жаңа және реновациядан өткен ерікті өрт сөндіру пункттері кезең-кезеңімен іске қосылуда. Бұл жұмыстар «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз етуге, сондай-ақ шалғай елді мекендер тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғауға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бағдарламаның басты мақсаты – кәсіби өрт сөндіру бөлімшелері алыс орналасқан ауылдарда өртке қарсы алғашқы көмекті уақытылы көрсету, адам шығыны мен материалдық залалды барынша азайту. Осы арқылы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, төтенше жағдайлардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру көзделіп отыр.

Соның айқын дәлелі – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Кеңсай ауылында жаңа ерікті өрт сөндіру пунктінің ашылуы. Аталған пункт Кеңсай, Жарсу, Сарыжыра және Бақасу ауылдарына қызмет көрсетеді. Бұл елді мекендерде жалпы саны шамамен 2 мың адам тұрады. Енді тұрғындар өрт немесе өзге де төтенше жағдайлар кезінде жедел көмекке қол жеткізе алады.

Салтанатты ашылу рәсіміне облыстық төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылығы мен өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, демеушілер, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты. Шара барысында ерікті өрт сөндірушілердің еңбегі мен олардың ауыл қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі ерекше атап өтілді.

Жаңа және жаңғыртудан өткен өрт сөндіру пункттерінің ғимараттары тәулік бойы үздіксіз қызмет атқаруға толық бейімделген. Онда өрт техникасына арналған арнайы бокстар; диспетчерлік бөлмелер; қызметтік және тұрмыстық үй-жайлар; демалыс бөлмелері; ас үйлер; душ кабиналары бар санитарлық тораптар қарастырылған. Бұл жағдайлар ерікті өрт сөндірушілердің кез келген уақытта оқиға орнына жедел шығуына мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, ерікті өрт сөндіру пункттерін құру мен дамыту ауылдық жерлер үшін ерекше маңызға ие. Себебі төтенше жағдай туындаған алғашқы минуттарда өртке қарсы жедел әрекет ету – адам өмірін сақтап қалудың және залалды азайтудың басты кепілі.

Алдағы уақытта «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында еліміздің басқа да өңірлерінде осындай пункттерді ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, қоғамда өзара көмек пен жауапкершілік мәдениетін нығайтуға да зор үлес қоспақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу