Зайсанда қыран бүркіт пен құмай тазылар сайысы өтті – ШҚО
Зайсан ауданында Жылқы жылының қарсаңында құсбегілер пен тазы тұқымдас иттерді баулушылар арасында «Қыран құс – ер жолдасы» атты облыстық турнир өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жарыстың ашылу рәсімінде құттықтау сөз алған аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы ұлттық спортты дәріптеуге арналған осындай шаралардың маңызын атап өтіп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнир өңірдегі ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, салт-сананы ұлықтауға бағытталған маңызды шара ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Облыс көлемінде құсбегілік пен тазы тұқымды иттерді баулып, ұлттық дәстүрімізді дәріптеген додада қыран баптаған бүркітшілер мен құмай тазы ерткен тазышылардың өнері айшықталып, үздіктер анықталды.
Бір күнге созылған жарыс қорытындысында бүркітшілер арасында бірінші орынды Ұлан ауданы, Айыртау ауылының, екінші орынды Ұлан ауданы, Бозанбай ауылының бүркітшілері жеңіп алса, жүлделі үштікті Өскемен қаласының, Зайсан ауданының бүркітшілері түйіндеді.
Ал тазылардың ептілігі мен алғырлығы сынға түскен сайыста бірінші және үшінщі орындарды Зайсан ауданы, екінші орынды көршілес Тарбағатай ауданының қатысушылары өзара бөлісті.
Жеңімпаздар аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының атынан дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Марапаттарды жүлдегерлерге аудан әкімінің орынбасары Ермек Ерланұлы салтанатты түрде табыстап, қатысушыларға алдағы додаларда сәттілік тіледі, келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Ғасырдан ғасырға жалғасқан ата-баба мұрасын ұлықтауды мұрат еткен бұл турнир жас ұрпаққа үлгі болып, аймақтағы ұлттық спорттың өркендеуіне зор үлес қосары сөзсіз.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото/видео: Зайсан ауданы әкімдігі