Үш Кеңес Одағының Батыры туған ауылға апарар жол ашылды: 40 жыл жөндеу көрмеген трасса толық жаңарды
Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында орналасқан, үш бірдей Кеңес Одағының Батыры дүниеге келген Подгорное ауылына апарар Палатцы – Подгорное автожолының жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қырық жылдан астам уақыт бойы назардан тыс қалған жол бүгінде қауіпсіз әрі қолайлы көлік қатынасына мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Подгорное ауылы – тарихы терең, елге еңбегі сіңген батырларымен танылған мекен. Алайда ауылдың әлеуметтік дамуына тұсау болған басты мәселелердің бірі – жолдың сын көтермес хәлі еді. Автожол салынғалы бері, яғни, 40 жылдан астам уақыт ішінде бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Әсіресе, көктем мезгілінде қар суы жолды шайып, ауылдар негізгі тас жолдан оқшауланып қалатын. Бұл жағдай тұрғындардың күнделікті тұрмысына ғана емес, жедел жәрдем, өрт сөндіру және өзге де шұғыл қызметтердің жұмысына айтарлықтай кедергі келтіріп келген.
Аталған мәселе биыл мамыр айында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың Самар ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде ашық көтерілді. Подгорное ауылында өткен кездесуде тұрғындар жолдың жағдайын айтып, көп жылдан бері қордаланған проблеманың шешілуіне үміт артты.
Сол кездесуде ауыл ақсақалдары мен тұрғындары:
Өңір басшысы жолдың нақты жағдайымен сол жерде танысып, аудан басшылығына автожолды қысқа мерзімде нормативтік талаптарға сай жөндеуді тапсырды. Айтылған сөз бен берілген тапсырма аяқсыз қалмады. Жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде, сапа талаптары толық сақтала отырып жүргізілді.
Жол жамылғысы қалпына келтіріліп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ең бастысы – ауыл тұрғындары үшін жыл бойы үздіксіз әрі қолайлы қатынас мәселесі шешімін тапты.
Жаңартылған жолдың ашылуына куә болған Подгорное ауылының тұрғындары көп жылдан бері шешілмей келген түйткілдің қысқа мерзімде оң шешілгеніне ризашылықтарын білдіріп, азаматтардың өтініш-тілегіне жедел әрі нақты әрекет еткен облыс басшылығына алғыстарын жеткізді.
Айта кетейік, Самар ауданында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өткен жылы ауданда 45 шақырым автожол мен елді мекен көшелері жөнделсе, биыл 60 шақырымнан астам жолдың жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
Жалпы, Самар ауданының көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі облыс басшылығының тұрақты бақылауында. Бұл тек тұрғындардың өмір сапасын арттырумен шектелмей, ауданның туристік әлеуетін күшейтуге, тарихи және табиғи нысандарға қолжетімділікті жақсартуға бағытталған маңызды әрі перспективалы қадамдардың бірі болып отыр.
Фото: Аудан әкімдігі


