KZ
Өскемен
-42°
туман жел 1 м/с, СШ
512.16 594.72 6.57

Қазақстанның 2025 жылы: елдегі реформалар нәтижесі нақты істерде

30.12.2025, 11:30 208 Базарова Айгүл

2025 жыл Қазақстан үшін тек жоспарлар мен ұрандар кезеңі емес, нақты нәтижелермен өлшенген даму жылы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі және сыртқы саясаттағы белсенді қадамдары экономикалық өсімнің артуына, инфрақұрылымның жаңаруына, аграрлық сектордың серпін алуына және елдің халықаралық беделінің нығаюына тікелей әсер етті. Жыл қорытындысы Президент бастамаларының қағаз жүзінде қалмай, халықтың күнделікті өміріне әсер ете бастағанын көрсетіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz Президент баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

ЭКОНОМИКА: СОҢҒЫ ОН ЖЫЛДАҒЫ ЕҢ ЖОҒАРЫ ӨСІМ

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсімі 6 пайыздан асады деп күтілуде. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Тарихта алғаш рет елдің жалпы ішкі өнімі 300 миллиард доллардан асып, жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың долларға жетті.

Жыл ішінде жалпы құны 1,47 трлн теңгені құрайтын 185 жоба іске қосылып, 22,8 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Президенттің қатысуымен іске қосылған стратегиялық нысандар – KIA Qazaqstan зауыты, Достық–Мойынты теміржолының екінші желісі, жаңа әуежай терминалдары мен отандық жолаушылар вагондары – экономиканы әртараптандыру бағытының айқын көрінісі болды.

КӨЛІК-ЛОГИСТИКА: ТРАНЗИТТІК ХАБҚА ҚАРАЙ НАҚТЫ ҚАДАМ

Президенттің басым бағыттарының бірі – Қазақстанды Еуразиядағы ірі транзиттік орталыққа айналдыру. 2025 жылы 13 мың шақырым автожолды салу және жөндеу жұмыстары басталды. Бірқатар стратегиялық автомагистральдар мен жаңа теміржол желілері елдің ішкі байланысын күшейтті.

Зайсан, Катонқарағай, Кендірліде жаңа әуежайлардың құрылысы басталып, Арқалық әуежайын қалпына келтіру қолға алынды. Әуе нарығына жаңа авиакомпаниялар келіп, 35-тен астам жаңа халықаралық бағыт, оның ішінде Шанхай мен Мюнхенге тікелей рейстер ашылды.

АГРОӨНЕРКӘСІП: РЕКОРД ПЕН ЖҮЙЕЛІ ҚОЛДАУ

Аграрлық салада 2025 жыл инвестиция мен өнім көлемі бойынша рекордтық болды. Салаға салынған инвестиция 790 млрд теңгеге жетіп, ауыл шаруашылығына берілген жеңілдетілген несие көлемі 1 трлн теңгеден асты.

Диқандар 27 миллион тонна астық жинап, агроөнімдер 70 елге экспортталды. Отандық техника өндірісі ішкі сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл – агросектордың енді тек шикізат емес, индустриялық салаға айналып келе жатқанын аңғартады.

ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: АЙМАҚТЫҚ КӨШБАСШЫЛЫҚ

Президент бастамасымен Қазақстан цифрлық трансформацияда жаңа кезеңге өтті. «Жасанды интеллект туралы» Заңның қабылдануы елді бұл бағытта әлемдегі алғашқы мемлекеттердің қатарына қосты. Астанада іске қосылған Alemcloud суперкомпьютері әлемдік TOP-500 рейтингінде 86-орынға көтерілді.

AI-Sana бағдарламасы арқылы 440 мыңнан астам студент жасанды интеллект негіздерін меңгерді, ал Higgsfield AI – Қазақстандағы алғашқы «технологиялық сыңармүйіз» ретінде тіркелді.

ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТ: ЕҢБЕК АДАМЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қарапайым еңбек иелеріне деген құрмет күшейді. Жыл ішінде жүздеген өндіріс, білім, медицина, ғылым және мәдениет өкілдері мемлекеттік марапаттарға ие болды. Бұл саясат қоғамдағы әлеуметтік әділет пен еңбектің беделін арттыруға бағытталды.

СЫРТҚЫ САЯСАТ: ИНВЕСТИЦИЯ МЕН ДИАЛОГ ЖЫЛЫ

2025 жылы Президент 23 шетел сапарын жасап, нәтижесінде жалпы құны 70 млрд доллардан асатын халықаралық келісімдерге қол қойылды. Қазақстан халықаралық диалогтың белсенді алаңына айналып, бір жылда елге 30 шетелдік мемлекет басшысы келді. Бұл – Қазақстанның сенімді серіктес ретіндегі позициясының нығайғанын көрсетеді.

2025 жыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік бағыты үшін нәтижелерді бекіткен жыл болды. Экономикалық өсім, инфрақұрылымдық серпін, аграрлық табыс, цифрлық жаңғыру мен белсенді сыртқы саясат – барлығы да бір-бірімен сабақтасып, ел дамуының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін аңғартады. Ең бастысы, бұл өзгерістер статистикада ғана емес, азаматтардың күнделікті өмірінде сезіле бастады.


Фото: Ruslan Zheldibay telegram арнасы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу