Былтыр теміржол арқылы 320 млн тонна жүк тасымалданды
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 320 млн тоннаға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға артты. Бұл көрсеткіш теміржол саласының ел экономикасындағы маңызды рөлін және оның тұрақты дамуын айқындайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Республикаішілік қатынаста жүк тасымалы 177 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға өсті. Экспорттық бағытта тасымалдау көлемі 89,2 млн тоннаға дейін ұлғайып, 7,2 пайыздық өсім көрсетті. Ал импорттық тасымалдар көлемі 20,7 млн тоннаға жетіп, 2,7 пайызға артты.
Ең жоғары өсім транзиттік тасымалдарда байқалды. Жыл қорытындысы бойынша транзиттік жүк көлемі 33 млн тоннаны құрап, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 19,9 пайызға көп.
Сонымен қатар астық тасымалы айтарлықтай артты. 2025 жылы теміржол арқылы 14,3 млн тонна астық тасымалданып, бұл өткен жылдағы 10,8 млн тоннамен салыстырғанда 31 пайызға жоғары. Оның ішінде экспортқа 11 млн тонна астық жөнелтіліп (+33%), республикаішілік қатынаста 3,3 млн тонна (+26%) тасымалданды.
Орталық Азия, Иран, Ауғанстан және Ресей бағыттары бойынша экспорт көлемі тұрақты оң динамика көрсетіп отыр. Астықты қайта өңдеу өнімдерін тасымалдаудың ұлғаюы да маңызды нәтижелердің бірі болды. Атап айтқанда, Қытай Халық Республикасына жеткізілген азықтық ұн көлемі 3,1 млн тоннаға жетіп, 3,8 есеге артты. Бұл қосылған құны жоғары өнім өндірісінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Бұдан бөлек, 2025 жылы Африка елдері, Вьетнам және Еуропалық одақ мемлекеттері сияқты жаңа экспорттық нарықтар ашылды.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың қорытындылары теміржол көлігінің тұрақты жұмыс істеп тұрғанын және жүк тасымалы саласында оң даму үрдісі қалыптасқанын айғақтайды.