KZ
Өскемен
-39°
туман жел 1 м/с, СШ
512.16 594.72 6.57

ШҚО энергетика саласының жаңғыруы: 2030 жылға дейін 100-ден астам жоба жүзеге асады

Кеше, 15:00 82 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысы алдағы жылдары энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды түбегейлі жаңғырту кезеңіне қадам баспақ. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар облыс әкімдігінде өткен кеңесте жан-жақты қаралды. Жиында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов жылу мен электрмен жабдықтаудың тұрақтылығы – халықтың күнделікті тұрмыс сапасының негізгі көрсеткіші екенін атап өтіп, жауапты құрылымдарға нақты міндеттер жүктеді. Әсіресе, облыс орталығы мен шекаралық аумақтардағы ахуал басты назарда екені айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2030 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысында жылу және электрмен жабдықтау саласында жалпы құны 1,6 трлн теңге болатын 104 жоба іске асырылмақ. Оның 82 жобасы (1,2 трлн теңге) жылумен, 25 жобасы (410,8 млрд теңге) электрмен жабдықтауға бағытталған. Бұл бастамалардың басты мақсаты – инженерлік желілердің шектен тыс тозуын еңсеру, Өскемен қаласындағы жылу қуаты тапшылығын жою және тұтыну көлемі ұлғайған жағдайда өңірлік энергетикалық жүйесінің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.

Бүгінде облыс аумағындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 1018 шақырымды құрайды. Алайда олардың тозу деңгейі 50 пайыздан асып кеткен. Алдағы жылдары 237,5 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылып, жаңадан салынады. Соның нәтижесінде тозу деңгейі 39 пайызға дейін төмендейді деп жоспарланып отыр.

Облыс орталығы Өскемен қаласында жылу қуатының тапшылығы әлі де өзекті. Қазіргі көрсеткіш 278,7 Гкал/сағатты құрайды. Бұл олқылықты жою үшін жалпы қуаты 360 Гкал/сағат болатын төрт ірі жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. Олардың қатарында Өскемен ЖЭО-да жаңа қазан агрегатын салу, «Шығыс Жылу» АҚ-ның №2 қазандығын кеңейту, Согра ЖЭО-ның әлеуетін арттыру және бос жылу қуатын тасымалдауға арналған жылу желілерін салу бар.

Кеңес барысында Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына 2026–2030 жылдарға арналған жаңғырту жоспарларының толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

«Басым міндеттердің қатарында Согра ЖЭО-ның бос қуатын тасымалдауға арналған жылу желілерінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді аяқтап, оны сараптамадан өткізу, сондай-ақ Өскемен қосалқы станциясынан Тұғыл ауылына дейінгі 220 кВ электр беру желісін салу мәселесін жүйелі түрде пысықтау бар», – деп атап өтті облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Электрмен жабдықтау мәселесі де кеңесте кеңінен сөз болды. Қазіргі таңда облыста орнатылған қуаты 1 586 МВт-қа жуық болатын сегіз энергия өндіруші ұйым жұмыс істейді. Дегенмен электр желілерінің тозу деңгейі 84 пайызға жетіп, алаңдатарлық ахуал қалыптастырып отыр. Жалпы ұзындығы 21 мың шақырымнан асатын желілер қыс мезгілінде электр энергиясының тапшылығына, ал жүктеменің ең жоғары сәттерінде бірқатар ауданда кернеудің төмендеуіне әкелуде.

Осы түйткілдерді шешу үшін 2030 жылға дейін жалпы құны 379 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылмақ. Аталған жобалар 670 МВт жаңа қуатты іске қосуды және 786 шақырым электр беру желісін салуды көздейді.

Өскемен қаласының әкімдігіне жүктелген тапсырмалар да ауқымды.

– «Глубокое және Ұлан аудандарымен бірлесіп, KEGOC-тың 500 кВ қосалқы станциясынан „Ахмер“ қосалқы станциясына дейін 220 кВ электр беру желісін салу қажет. Бұл ретте болашақта қуаты кемінде 1000 Гкал/сағат болатын ЖЭО-3-ті қосу мүмкіндігі ескерілуі тиіс. Электр беру желілері мен тіректерін салуды аяқтау үшін жер мәселелерін уақтылы шешу қажет», – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, облыс орталығында электр энергиясының жиі өшуіне байланысты тұрғындардан әлеуметтік желілер арқылы ең көп шағым түсетін 20, 23 және 28-шағын аудандарға басымдық беру тапсырылды. Бұдан бөлек, желілердің тозуы салдарынан апаттық жағдайлар жиі тіркелетін бау-бақша алқаптары да назарға алынып, оларды кезең-кезеңімен қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу мүмкіндігі қарастырылмақ.

Кеңесте жүйелі жоспарлау мәселесіне де айрықша мән берілді. Облыс әкімі автомобиль жолдарын салу мен жөндеу, сондай-ақ қаланы абаттандыру бойынша үш жылдық жоспарлар жылу және электрмен жабдықтаушы ұйымдармен міндетті түрде келісіліп әзірленуі тиіс екенін қадап айтты. Бұл тәсіл алдымен инженерлік желілерді жаңартып, содан кейін ғана жол және абаттандыру жұмыстарына көшуге мүмкіндік береді. Соның арқасында жол жабынын қайта-қайта қазу мен бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау азаяды.

Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – бір күндік шаруа емес. Бұл – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және Шығыс Қазақстанның орнықты дамуына бағытталған ұзақ мерзімді, жүйелі жұмыс. Кеңесте берілген барлық тапсырма бақылауға алынып, олардың орындалуы облыс деңгейінде тұрақты түрде қаралатын болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу