KZ
Өскемен
-12°
туман Штиль
503.35 590.63 6.62

Елімізде жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау қағидалары өзгертілді

15.01.2026, 18:30 150 Төлеуғазы Жансая

Қазақстанда жерлеу рәсімін өткізу және зираттарды күтіп-ұстау тәртібіне өзгерістер енгізілді. Ресми хабарламаға сай, тиісті бұйрыққа Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 9 қаңтарда қол қойған. Құжат 24 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жаңа қағидаларға сәйкес, жерлеу және қабірлерді күтіп-ұстау тәртібін енді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың жергілікті атқарушы органдары үлгілік ережелер негізінде әзірлейді. Бұл ретте елді мекендердің аумағы, құрылыс ерекшелігі, тарихи-мәдени және діни нысандары, сондай-ақ табиғи ландшафттары ескеріледі.

Ресми құжатта әрбір қайтыс болған тұрғынға немесе осы елді мекенде көз жұмған тұрақты мекенжайы жоқ адамға кемінде 6 шаршы метр жер телімі тегін бөлінетіні көрсетілген. Жерлеу зират аумағында немесе колумбарийде жүзеге асырылады. Ол үшін зират әкімшілігіне қайтыс болу туралы куәлік және кремация туралы анықтама ұсынылуы керек.

Кремациядан кейін марқұмның күлі салынған урналар колумбарийге немесе қабірге жерленеді. 

– Урнада марқұмның аты-жөні және кремацияның тіркеу нөмірі көрсетілуі қажет. Колумбарийлер мен аза қабырғалары арнайы бөлінген жерлерге орналастырылады. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардан кемінде 50 метр қашықтықта болуы тиіс,– делінген хабарламада.

Жақын туыстарының немесе жұбайының жазбаша өтініші негізінде марқұмды бұрын қайтыс болған туысының жанына жерлеуге рұқсат беріледі. Бұл үшін сол аумақта бос жер немесе колумбарий ұясы болуы қажет және туыстықты растайтын құжаттар ұсынылады.

Қайта жерлеуге тек ерекше жағдайларда ғана жол беріледі. Атап айтқанда, зират жойылған кезде, марқұмның сүйегін Қазақстан ішінде немесе шетелге көшіру қажет болғанда, сондай-ақ құрылыс барысында бұрын белгісіз жерлеу орындары анықталғанда рұқсат етіледі. 

Қайта жерлеу санитариялық-эпидемиологиялық органның келісімімен және белгіленген мерзімдер сақтала отырып жүргізіледі.

Сонымен қатар, туысы жоқ адамдарды жерлеу мемлекет есебінен жүзеге асырылады. Қабірлерді жобалау және абаттандыру талаптары да нақтыланған. Қабірлер арасындағы арақашықтық, жерлеу тереңдігі және қауіпсіздік нормалары қатаң сақталуға тиіс.

Қабір аумағында ескерткіштер орнатуға, гүл отырғызуға және шағын абаттандыру жұмыстарын жүргізуге рұқсат етіледі. Ал қабірлерді күтіп-ұстау міндеті марқұмның жақын туыстары мен жұбайына жүктеледі.

Жаңартылған қағидалар жерлеу рәсімін ретке келтіруге, санитариялық талаптарды күшейтуге және зираттарды ұқыпты ұстауға бағытталған.

Айта кетейік, Алматыда жақын арада Қазақстандағы алғашқы крематорий іске қосылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу