KZ
Өскемен
-17°
переменная облачность жел 1 м/с, В
507.05 594.82 6.51

Нұрымбет Сақтағанов Өскеменде салынатын жаңа жылу электр орталығы бойынша нақты тапсырмалар жүктеді

22.12.2025, 11:00 108 Базарова Айгүл

Өскеменде тұрғындарды тұрақты жылумен қамту – басты басымдықтардың бірі. Қалада жылу тапшылығын кезең-кезеңімен жою үшін нақты шешімдер қабылданып, қазандықтарды жаңғырту, жылу электр орталықтарының қуатын арттыру және жаңа ЖЭО салу жобалары іске асырылып жатыр. Қазіргі жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлініп, алдағы жылдарға арналған ірі инфрақұрылымдық жобалар нақтыланды. Осы және өзге де өзекті мәселелер туралы қала тұрғындарымен кездесу барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов толық баяндады, деп хабарлайды Altainews.kz.

Жылумен қамту – тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Осыған байланысты Өскемен қаласында басты міндет – ағымдағы жылыту маусымын апатсыз өткізу және параллель түрде жылу қуатының тапшылығын жою.

Қалада жылу энергиясын Өскемен және Согра ЖЭО-лары, сондай-ақ «Шығыс Жылу» қазандықтары өндіреді. Жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін облыстық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлініп, көмір қоры толықтырылды. Бұл төмен температура кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

2024 жылы қалада бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 414,2 млн теңгеге Малдыбаев көшесінде жаңа жылу желілері салынды. Ал, Пограничная көшесіндегі жылу трассасының учаскесі жаңартуға 292,1 млн теңге, сондай-ақ Қаныш Сәтбаев даңғылындағы жылу сорғы станциясы жаңғыртуға 199,6 млн теңге жұмсалды.

Биыл «Шығыс Жылу» кәсіпорнының инвестициялық бағдарламасы аясында 12,4 шақырым жылу желісіне 1,3 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Аблакетка ауданындағы №2 және №3 қазандықтардың жабдықтары жөнделді, бұл жұмыстарға 274 млн теңге бағытталды.

2026 жылы Шлюзная көшесіндегі №9 қазандыққа дейінгі жылу желісінің құрылысы жалғасады. Оған 727,8 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар, Ұлттық «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» жобасы аясында Н.Назарбаев даңғылы мен Придеповская көшесіндегі жылу желілерін қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Екі жобаға 1,3 млрд теңге бөлініп отыр.

Қазіргі таңда Өскеменде жылу қуатының тапшылығы 262,6 Гкал/сағ шамасында. Бұл – қаланың қарқынды өсуімен, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың көптеп салынуымен байланысты.

Тапшылықты жоюдың төрт негізгі бағыты:

Бірінші. №2 қазандықты қайта жаңғырту жобасы дайын. Жоба аясында екі жаңа қазан агрегаты салынып, қосымша 100 Гкал/сағ жылу қуаты беріледі. Бұл сол жағалаудағы аудандарды, соның ішінде ЖМК шағын ауданын толық қамтуға және жаңа тұтынушыларды қосуға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны – 30,7 млрд теңге, қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жоспарланып отыр.

Екінші. ЖЭО-ларда қуат арттыру жұмыстары жүргізіледі. Өскемен ЖЭО мен №16 қазан агрегатын орнату жоспарланған. Бұл жылу қуатын 130 Гкал/сағ-қа арттырады, жобаны 2028 жылы аяқтау көзделген. Ал Согра ЖЭО-да тағы бір қазан агрегатын салу қарастырылып отыр, оның қуаты – 60 Гкал/сағ.

Үшінші. Согра және Өскемен ЖЭО-ларын қосатын жылу магистралі салынады. Бұл шешім Согра ЖЭО-дағы резервтік жылуды қалаға бағыттауға мүмкіндік беріп, жалпы жүйенің сенімділігін арттырады.

Төртінші. ЖЭО-3 құрылысы – стратегиялық жоба. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Жаңа жылу электр орталығын іске қосу 2029 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Бұл жоба қаланың ұзақ мерзімді дамуына серпін береді.

Осы ретте аймақ басшысы Өскемен әкімі мен Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, жылыту маусымын күнделікті мониторингпен қамтамасыз ету, апаттылық пен көмір қоры бойынша апталық есеп беру, сондай-ақ Өскемен қаласының жылумен қамту схемасын нақты мерзімдер мен жауапты тұлғаларды көрсете отырып әзірлеу міндеттелді.

Сонымен қатар қазандықтарды қайта жаңғырту, ЖЭО-дағы жаңа агрегаттар, қосқыш жылу трассасы мен ЖЭО-3 жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманың мерзімінде әзірленуі мен қаржыландыру көздерінің айқындалуы қатаң бақылауға алынады.


Артем Жигулин 

Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу