KZ
Өскемен
-34°
туман жел 2 м/с, З
512.16 594.72 6.57

Риддерде ірі туристік жобалар жүзеге асырылуда

15.01.2026, 18:00 103 Айдос Мырзахметов

Риддер – бүгінде өңірлік дамудың жаңа орталығы. Туризмді экономиканың қозғаушы күшіне айналдыруды көздеген ірі инвестициялық бастамалар қала келбетін, болашақтағы рөлін айқындап отыр. Тау мен табиғаттың үйлесімін заманауи инфрақұрылыммен ұштастырған Риддер қаласында төрт мезгіл бойы қызмет көрсететін туристік орталық қалыптастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жобалар іске асырылуда. Осы жолда жүзеге асып жатқан Эдельвейс тау-шаңғы кешенін қайта жаңғырту мен сауда инфрақұрылымын кеңейтуге бағытталған жеке инвестициялар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға тың серпін беруде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруді көздеген ірі инвестициялық жобалардың бірі – Риддер қаласындағы «Эдельвейс» тау-шаңғы кешенін қайта жаңғырту және дамыту жұмыстары. Жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын бұл жоба 2025–2028 жылдар аралығын қамтып, төрт мезгіл бойы қызмет көрсететін заманауи туристік орталық қалыптастыруға бағытталған. Аймақ басшысы жобаның өңір экономикасы мен туризм саласына серпін беретін маңызын атап өтіп, инвесторлар мен жауапты мамандарға жұмысты сапалы әрі жүйелі жүргізудің маңыздылығын жеткізді.

- Соңғы уақытта облысымыз бойынша туризм саласы бойынша ауқымды жобалар қолға алынып отыр. Риддер қаласының бұл бағытта алар орны мен тұғыры зор. Қала болашақта туристік орталыққа айналуы тиіс. Әсіресе, белсенді демалыс түрлері, шаңғы спорты сияқты қысқы туризмнің жан-жақты бағыттары туристердің қызығушылығына ие. “Эдельвейс” кешенінде Ресей, Қытай, Еуропа елдерінен келген қонақтардың таңырқап жүргендерін көріп әлбетте қуаныштымыз, - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Жобаны жүзеге асырып отырған «Скай Тау Риддер» серіктестігі қаржылық қолдауды «NurAnCell» компаниясымен бірлесіп қамтамасыз етуде. Инвестициялық бастама бірнеше кезеңге бөлінген. Алғашқысв 2025 жылдың наурызынан қарашасына дейінгі уақытты қамтып, «Эдельвейс» қонақүй кешенінің негізгі ғимаратын қайта жаңғыртуға, оған іргелес аумақтың инфрақұрылымын жаңалауға, инженерлік желілерді толық ауыстыруға және аспалы жолдың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге бағытталған. Бұл кезеңге 400 млн теңге инвестиция қарастырылған.

2026–2027 жылдарға жоспарланған екінші кезеңде премиум-класс нысандарын салу көзделген. Оның аясында 30 орындық қонақүй, СПА-кешен, қарда жүретін көліктерге, багги, мотоциклдер мен өзге де техникаларға арналған ангар, сондай-ақ аспалы жолды орнату жоспарланып отыр. Аталған жұмыстарға 1,1 млрд теңге инвестиция бағытталады.

Ал үшінші кезең 2027–2028 жылдары жүзеге асырылып, кешеннің спорттық және экстремалды туризм бағытын кеңейтуге арналмақ. Бұл кезеңде мотокросс, эндуро, багги, квадроцикл, маунтинбайк және тау снегоходтарына арналған арнайы трассалар салынып, халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар өткізуге мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар, отбасылық демалысқа арналған шағын аспалы жолдар орнатылып, арнайы техника мен тікұшақтарды сақтауға арналған ангар салу жоспарланған. Үшінші кезеңнің инвестициялық көлемі 600 млн теңгеден асады.

– Туризм саласы экономикамыздың драйверіне айналады деген үмітіміз мол. Сондықтан бұл саладағы жұмыстарды жалғастыра береміз, - деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда нысанда бірқатар маңызды жұмыс аяқталған. Қонақүй ғимаратының техникалық бөлігінде жылу жүйесі толық ауыстырылып, желдету жүйесі жаңғыртылды, су желілері қайта жүргізілді. Ғимараттың сыртқы және ішкі сәндік келбеті жаңартылып, жаңа прокат пунктін ұйымдастыру жұмыстары соңғы сатысына жетті. Қонақүйде бөлмелер саны 15-ке дейін көбейіп, бір мезетте 30 қонақты қабылдауға мүмкіндік беретін жағдай жасалды. Сонымен қатар, монша, кір жуатын орын және қонақтардың спорттық киімдерін кептіруге арналған арнайы бөлме пайдалануға берілді.

Жоба іске асқан кезеңде құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары барысында 10 адам жұмыспен қамтылса, кешен толық пайдалануға берілген соң 25-тен 40-қа дейін тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. 

Туризмге елеулі үлес қосатын факторлардың тағы бірі қонақтарға сапалы қызмет көрсету, яғни, жайлы сервис. Осы орайда, 2025 жылы жеке кәсіпкер Владимир Ситников өңірдің сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Атап айтқанда, жалпы аумағы 1 000 шаршы метрді құрайтын заманауи супермаркет құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жоба халықты сапалы азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ қазіргі заман талабына сай сауда қызметін ұсынуға бағытталды.

Инвестициялық жобаның жалпы құны 250 млн теңгені құрады. Қаржыландыру жеке инвестициялар мен мемлекеттік қолдау тетіктерін тарту арқылы жүзеге асырылды. Жобаны іске асыру аясында 120 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетіліп, қалған қаражат инвестордың өз қаражаты есебінен қаржыландырылды. 

- Біз былтыр маусым айында жұмыс бастадық. Риддерліктер арасында жергілікті, сапалы тауарларға сұраныс басым. Басты мүддені жергілікті өндірушілерге бердік. Оның ішінде өзім де тауар өндіремін. Біз қазақстандық кәсіпкерлермен жұмыс істеуге дайынбыз және есігіміз әрдайым ашық. Ветеринариялық стандарттар бойынша сапалы тауарлар бойынша ынтымақтастыққа дайынбыз, - дейді кәсіпкер Владимир Ситников. 

Аталған инвестициялық жоба нәтижесінде 22 тұрақты жұмыс орны құрылды. Жобаның іске асуы кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, тұрғындарға көрсетілетін сауда қызметінің сапасын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға оң ықпал етті.



Фото: Жібек Нұрахмет 

Видео: Жәнібек Ырысбай 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу