Қыс қыспаққа алды: «Қыс шілдесі» мен «Бөрі сырғақ» қандай күндер?
Осы күндері еліміздің бірқатар өңірінде аяз күшейіп, қыс қаһарына міне бастады. Кей аймақтарда түнгі ауа температурасы –40 градустан төмендеп, сынап бағаны –42 градусқа дейін түсті. Қарлы боран мен ызғарлы жел тіршілікті тұралатып, халық арасында «қыс шілдесі келген шығар» деген сөз жиі айтыла бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақ халқы табиғат құбылыстарын жай ғана бақылап қоймай, әр мезгілдің, әр күннің өзіндік атауын, мағынасын қалыптастырған. Соның бірі – «Қыс шілдесі».
Халықтық есеп бойынша, қаңтардың 15-і мен 29-ы аралығы – қыстың ең қақаған шағы. Бұл кезеңдегі сақылдаған сары аязды қазақ бейнелі түрде «Қыс шілдесі» деп атаған. Яғни, жаздың шілдесінде аптап ыстық шегіне жетсе, қыста қос бүйірден қаңтар қысатын ең суық кезең.
Бұл күндері мал да, адам да қыс құрсауында қалады. Қорадағы малға күтім күшейтіліп, алыс жолға шығу сиреген. Халық есепшілері тіпті аспан денелеріне қарап болжам жасаған. Олардың айтуынша, Үркер мен Айдың орналасуы тіктөртбұрыш пішінін түзсе, қыс шілдесі басталды деп есептелген.
Қаңтар айындағы тағы бір қатал кезең халық арасында «Бөрі сырғақ» деп аталады. Бұл уақытта ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран соғып, қар үстінде ештеңе тұрақтамайды. Қатты желден қардың өзі сырғанап ұшып кететіндей әсер қалдырады. Атаудың «бөрі сырғақ» атануы да осыдан.
Халық нанымында қаңтардың 18-інен 19-ына қараған түн ерекше саналған. Дәл осы түні қасқырдың арланы мен ұрғашысы жұптасады деп сенген. Сонымен қатар бұл түнді тазалықтың шыңы, әсіресе, судың ең таза кезі деп қабылдаған.
Ертеде ата-бабаларымыз осы түні алынған сумен нәрестені қырқынан шығарып, жүкті әйелдер мен жас аналарды жуындырған. Мұндай ырым баланың қасқырдай қайсар, батыл болып өсуіне сеп болады деп сенген.
Соңғы екі-үш күнде соққан ызғарлы жел жерді құрғатып, аязды одан сайын өткір етті. Көпшілік мұны «қыс шілдесінің келген белгісі» деп қабылдап отыр. Бүгін, 16 қаңтар, кей өңірлерде ауа температурасының күрт төмендеуі осы халықтық болжамдардың бекер еместігін аңғартқандай.
Қазақтың табиғатқа қатысты осындай атаулары – жай ғана сөз емес, ғасырлар бойғы бақылау мен өмір тәжірибесінен туған таным. Қыстың қақаған аязын «қыс шілдесі», ал ақтүтек боранды «бөрі сырғақ» деп атауы – халқымыздың табиғатпен етене өмір сүргенінің айқын дәлелі.