Алдағы күндері елімізде аптап ыстық күтіледі
Алдағы күндері елімізде күн күрт ысиды. Қазгидрометтің хабарлауынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде аптап ыстықтың шегі +46 градусқа дейін жетуі мүмкін. Қызылорда облысында +46, Түркістанда +44, Жамбыл мен Алматы облыстарында +35–36 градус, Ақтөбеде +41, Маңғыстау мен Ұлытауда +38 градусқа дейін ыстық болады деп болжануда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
18 маусымда Өскеменде күн ашық болады, ауа +34 градусқа дейін ысиды. Кешке қарай найзағай ойнап, жаңбыр жаууы мүмкін. 19 маусым күні күн одан әрі ысиды — сынап бағаны +37 градусқа дейін көтеріледі. Осы күні тұман түсіп, найзағай ойнауы ықтимал. 20 маусымда да күн +35 градусқа дейін ыстық болып, жауын-шашын болуы мүмкін.
Синоптиктер аптап күндері далада ұзақ жүрмеуге, мүмкіндігінше көлеңкеде болуға және су көп ішуге кеңес береді. Әсіресе балалар мен жасы үлкен жандарға мұқият болу қажет. Найзағай кезінде ашық жерлерден аулақ болып, қауіпсіздікті сақтау маңызды. Ал табиғат аясына шыққанда от жағудан мүлде бас тартқан жөн – өңірде өрт қаупі өте жоғары.