KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, С
509.75 594.67 6.46

2026 жылдан бастап күрделі ауруларды тегін диагностикалау енгізіледі

30.12.2025, 10:30 118 Ержан Әбіш

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде әлеуметтік мәні бар 11 ауруға күдік туындаған жағдайда диагностика жүргізу қолжетімді болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР  Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған тізімге туберкулез, созылмалы вирустық гепатит және бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, қатерлі ісіктер, жіті миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай), орфандық аурулар, эпилепсия, инсульт және өзге де өмірге қауіп төндіретін ауыр жағдайлар кіреді.

Салыстыру үшін айта кетсек, қазіргі уақытта ТМККК аясында диагностика тек туберкулез бен АИТВ инфекциясы бойынша ғана жүргізіледі. Ал басқа әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Жаңа өзгерістердің нәтижесінде сақтандырылмаған азаматтар да медициналық көмектің негізгі пакетіне қол жеткізе алады. Атап айтқанда, емханаларға алғашқы жүгіну, артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, глаукоманы, қант диабетін, сүт безі обырын, жатыр мойны обырын және колоректальдық обырды ерте анықтауға бағытталған вакцинация мен скринингтер қолжетімді болады. Сонымен қатар әлеуметтік мәні бар 11 ауруға күдік кезінде диагностика, өмірге қауіп төндіретін жағдайларда жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетіледі.

Бұдан бөлек, барлық әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау, емдеу, алдын алу шаралары және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, инфекциялық аурулар кезіндегі медициналық көмек, қан препараттарымен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек пен ауыр науқастарға ұзақ мерзімді күтім жасау ТМККК аясында көрсетіледі.

Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы 13 әлеуметтік мәні бар аурудың тізбесінен төрт ауру МӘМС жүйесіне ауыстырылады. Олар – қант диабеті, церебральдық сал ауруы, дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы және ревматизм. Бұл аурулар динамикалық бақылауға жататын жағдайлар тізбесіне енгізіліп, медициналық көмек МӘМС шеңберінде толық көлемде көрсетілетін болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу