KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 1 м/с, С
509.84 595.75 6.47

Жұмысшы керек кезде жоқ: ШҚО кәсіпкерлері оқыту мерзімін өзгертуді ұсынды

Бүгін, 16:30 38 Даурен Аллабергенұлы

Шығыс Қазақстан облысында қысқа мерзімді курстар арқылы маман даярлайтын кәсіпкерлер кадр оқыту жүйесіне өзгеріс енгізуді ұсынды. Олардың айтуынша, қазіргі оқыту кестесі еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкес келмейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Қазір қысқа мерзімді курстар мамыр-маусым айларында басталады. Бірақ кәсіпкерлерге дайын жұмысшылар дәл осы кезеңде қажет. Себебі, бұл аралықта ауыл шаруашылығы, құрылыс және туризм салаларында жұмыс қарқын алып, мамандарға сұраныс еселейді. 

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан оқытуды ертерек бастау маңызды екенін айтты.

– Қазіргі жүйе бойынша мамандар еңбек нарығына сұраныс төмендеген кезде шығады. Ал бизнеске жұмысшылар көктемде қажет. Сондықтан курстарды қаңтар-ақпан айларында бастап, сәуірге дейін мамандарды дайындау тиімді, – деді ол.

Сондай-ақ, оқытуды уақытында бастау үшін қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыруға арналған конкурстарды да ертерек өткізу ұсынылды. Кәсіпкерлердің пікірінше, тендерлерді қаңтар айында өткізу бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді.

Бұл ұсынысты облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының өкілдері қолдады. Олар бастама қолданыстағы талаптар мен бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып қаралатынын жеткізді. Жобаның да басты мақсаты – кадр даярлау жүйесін еңбек нарығының нақты қажеттілігіне бейімдеу, маусымдық салалардағы жұмыс күші тапшылығын азайту және қысқа мерзімді курстар түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейін арттыру.

Мәселе алдағы уақытта тиісті органдар тарапынан қаралып, келесі жылғы оқыту кестесіне өзгерістер енгізу мүмкіндігі талқыланатын болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу