Шығыс Қазақстанда суды үнемдеу және су тапшылығының алдын алу жұмысы қарқын алды
Президент тапсырмасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысында су ресурстарын ұтымды пайдалану және су тапшылығының алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында су үнемдеу технологиялары кезең-кезеңімен енгізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бүгінде облыстағы суармалы жерлердің 16 мың гектарында жаңбырлатып және тамшылатып суару сияқты заманауи су үнемдеу технологиялары қолданылуда. Бұл жалпы 84,6 мың гектар суармалы алқаптың елеулі бөлігін қамтып отыр.
Былтыр аталған бағытта 4,7 млрд теңгеге 2 мың гектар аумақта су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған 5 жоба іске асырылды. Ал биыл 3,1 мың гектар жерді қамтитын 4 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.
Су тиімділігін арттыру шараларын одан әрі кеңейту мақсатында 2027–2028 жылдарға инвестициялық шығындарды субсидиялауға 4 млрд теңге қарастырылған.
Су үнемдеу саясаты тек аграрлық салада ғана емес, өнеркәсіп секторында да жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыста жұмыс істейтін 61 өнеркәсіптік кәсіпорынның 20-сы, яғни, 33 пайызы, айналымдық және қайта пайдаланылатын су жабдықтау жүйелерін енгізген.
Үкімет отырысында осы бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын атап өткен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл мәселе өңірде тұрақты бақылауда екенін жеткізді.
Фото: pixabay.com