Өскеменде жұмыссыздар сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқып жатыр
Фото: pexels.com
Халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздықты азайту мақсатында Өскемен қаласындағы оқу ұйымдары мен жұмыс берушілердің өндіріс алаңдарында жұмыссыздар мен мамандар қысқа мерзімді кәсіптік курстарда оқытылып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Кәсіптік оқыту» жобасы аясында биыл білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 350 адамды қысқа мерзімді оқуға жіберу жоспарланған. Сонымен қатар, 36 мамандық бойынша 382 адамды оқытуға 31 жұмыс берушіден өтінім келіп түскен. Қазіргі таңда оқыту қаланың 10 оқу орталығында және 3 колледжде жүргізілуде.
Жұмыс берушілердің өз өндіріс алаңында оқыту ұйымдастыруы үшін 7 кәсіпорыннан 7 түрлі мамандық бойынша 71 адамды оқытуға ұсыныс түсті.
Комиссия шешімімен 28 жұмыс берушінің өтінімі мақұлданып, оқу орталықтарында 16 біліктілік бойынша 237 адамды, ал жұмыс орындарында 4 біліктілік бағытында 6 кәсіпорында 50 жұмыссыз азаматты оқыту жоспарланып отыр.
Бүгінде облыста техникалық-кәсіптік мамандықтарға сұраныс жоғары. Атап айтқанда: электргазбен дәнекерлеуші, электрик, құрылыс шебері, кран машинисі, слесарь-сантехник сияқты мамандар тапшы.
Жазғы маусымда туризм саласына деген сұраныс та артты. Қазіргі таңда жұмыс берушілерден осы сала бойынша 68 өтінім түскен. Оның ішінде:
- демалыс базасының әкімшісі – 37,
- аспаз – 22,
- экскурсовод – 9.