Шығыс Қазақстанда бүгін қатты жел мен көктайғақ болады
«Қазгидромет» Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, 31 желтоқсанда облыстың солтүстік өңірлерінде тұман түсуі ықтимал. Сондай-ақ, шығыстан және оңтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін күшейеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Өскеменде ауа температурасы күндіз +1, түнде -5 градусты құрайды. Көктайғақ болуы ықтимал. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Метеорологиялық жағдай күрделенген кезде автокөлік жүргізушілеріне жолда барынша мұқият болып, жылдамдық режимін сақтау ұсынылады. Ал жаяу жүргіншілер жарақат алу қаупін азайту үшін сақтық танытып, асықпай қозғалғаны жөн. Қатты жел кезінде электр сымдарына, бос тұрған заттарға жақындамау, сондай-ақ автобус аялдамаларының артына немесе ағаштардың түбіне паналамау қажет.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 бірыңғай байланыс нөміріне хабарласу сұралады.