KZ
Өскемен
-10°
туман Штиль
505.53 593.44 6.34

Бибісара Асаубаева блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанды

31.12.2025, 10:00 75 Базарова Айгүл

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева блиц шахматтан өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жетіп, осы санат бойынша үш дүркін әлем чемпионы атанды. Жерлесімізді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешімін жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандасымызды тарихи жетістігімен құттықтап, оның бұл жеңісі қазақстандық шахмат тарихындағы айтулы оқиға екенін атап өтті.

– Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енді. Ол – нағыз майталман шебер. Қазақстандық шахмат қауымдастығы мемлекетіміздің көк туын жаһандық аренада биік желбіреткен отандасымызды мақтан тұтады. Ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен халықаралық жарыстардағы жоғары жетістіктері үшін Бибісара Асаубаеваны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым, – делінген Президенттің құттықтауында.

Айта кетейік, Әлем чемпионаты Катар астанасы – Доха қаласында өтті. Бибісара Асаубаева швейцариялық жүйе бойынша өткен бәсекеде топ жарып, жартылай финалға бірінші орынмен жолдама алды.

Жартылай финалда Қытай өкілі Чжу Цзиньэрді қатарынан үш партияда жеңіп, финалға сенімді түрде шықты. Ал шешуші финалда ол украиналық Анна Музычукпен кездесіп, алғашқы үш партияны тең нәтижемен аяқтады. Төртінші, соңғы партияда қарсыласын жеңіп, әлем чемпионы атағын иеленді.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева бұған дейін 2021 және 2022 жылдары да блиц шахматтан әлем чемпионы атанған. Осылайша, ол Қазақстан тарихында блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы шахматшы болды.


Фото: Б.Асаубаева әлеуметтік желі парағынан алынды

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу