KZ
Өскемен
-10°
плотный туман Штиль
505.53 593.44 6.34

Өскеменде Жаңа жыл шаттығы: шағын аудандардағы мерекелік кештер

1.01.2026, 09:00 140 Айдос Мырзахметов

Жаңа жылдың шуақты сәттері Өскемен қаласының қақ төріндегі Комендантка қыдыру аймағында ерекше сән-салтанатпен көрініс тапты. Қала тұрғындары мен қонақтары жаңа жылдың алғашқы күндерін осында қарсы алып, шаттық пен қуанышқа толы мерекелік кештің куәсі болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Алаң төріне орнатылған концерттік сахна мерекенің орталығына айналып, жаңажылдық жүрекке жылы естелік әуендер қалықтады. Ән мен әуез бір-бірімен астасып, көпшіліктің көңіл-күйін көтеріп, қыстың қатаң салқынын да ұмыттырғандай. Кеш бойы орындалған әсем композициялар әр тыңдаушының жан дүниесіне жол тауып, өткен жылға деген ризашылық пен алдағы күндерге деген үмітті қатар сыйлады.

– Түркістан облысы, Келес ауданынан келіп отырмын. Осында балаларым әскерде қызмет етеді. Төрт немерем де Өскемен қаласында жаңа жылды қарсы алуда. Шығыс тұрғындарына жаңа жылда жаңа табыстар, зор денсаулық тілеймін. Жаңа жыл баршаңызға құтты болсын, - дейді Өскеменге келген қонақ Тағайын Қонысбеков.

Мерекенің мазмұнын байыта түскен жеке кәсіпкерлер ұйымдастырған түрлі ойын-сауық бағдарламалары алаңға жиналған жұрттың көңілін одан сайын жадыратты. Әсіресе, балалардың шат күлкісі кештің шырайын кіргізіп, «бала күлсе, бақыт құлағын түреді» деген халық даналығының мағынасын айқын сездірді. Қар қалыңдап, сырғанақ алаңы жандана түскен сәттен бастап, бала біткеннің шаттығы тасып, алаң бойы балғын күлкіге толды. Аниматорлар түрлі кейіпке еніп, ойын мен қызықтың көрігін қыздырып, балалардың қиялын қияға самғатты.

– Жаңа жыл баршамызға құт әкелсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Бар тілейтініміз, әрине, балаларымыздың тыныштығы мен амандығы. Бар үмітіміз осы өскелең ұрпақтың қолында. Президентімізге, оның жүргізіп отырған қызметіне, зейнеткерлерге деген қолдауына алғысымызды білдіреміз, - дейді Гүлзихан Құсаинова. 

Ал алаңның бір шетінде орналасқан мұз айдыны белсенді демалысты ұнататын жастардың бас қосар ордасына айналды.

– Өскеменге көшіп келгеніме бес-алты жыл болды. Бүгін туған-туысқандарымыз, құда-жекжаттарымызбен бірге бір кісідей жаңа жылды қарсы алып жатырмыз. Келе жатқан жылқы жылын желіп өтейік, балаларымыз бай және бақытты, аспанымыз ашық, ел іргесі тыныш болсын, - дейді Асқар Сәбиев. 

Мұз үстінде сырғанаған жастардың жүзінен қуаныш пен еркіндіктің лебі сезіліп, бұл кештің әр сәті есте қаларлық көрініске ұласты. Қысқы спорт пен сергек қозғалыс мерекелік күймен үйлесіп, жаңа жылды жаңа серпінмен бастауға үндегендей болды.

– Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын деген дана сөз бар. Сондықтан бүгінгі мейрамнан кейін тек жақсылық күтеміз. Президентіміздің жүргізіп отырған саясаты керемет. Бүгін, міне, осындай қажырлы еңбектің арқасында мәз мейрам болып жүрміз. Қазағымыздың бауыры бүтін, дені сау болсын, - дейді Болатхан Қалибекұлы.

Осылайша, Комендантка қыдыру аймағында өткен жаңа жылдық кеш қала өмірінің жарқын бір белесіне айналды. Ән мен ойын, бала күлкісі мен жастық жігер тоғысқан бұл кеш өскемендіктердің жүрегінде ұзақ сақталар жылы естелік болып қалды.

Жаңа жыл мерекесінің шырайы ЖМК шағын ауданындағы Өскемен аллеясында да айрықша сезілді. Қысқы түннің салқынын мерекелік көңілмен жылыта білген бұл кеш қала тұрғындары үшін ұмытылмас әсер сыйлады. Аллея бойы түрлі-түсті шамдармен безендіріліп, әуен мен тұрғындардың шат-шадыман күлкісіне толды. 

- Келіп жеткен 2026 жылмен шын жүректен құттықтаймын. Жылқы жылы тек қуаныш, шаттық, береке алып келсін, - дейді Лаура Ахметова. 

Сахнадан шырқалған әндер мен орындалған әуендер жаңа жылдың қуанышын еселеп, көрерменнің көңілін тербетті. Кеш барысында ұйымдастырылған түрлі ойындар мен танымдық викториналар мерекеге келген жұртты белсенді қатысуға жетеледі. Сұрақтарға жауап беріп, ойын шарттарын орындағандар естелік сыйлықтарға да ие болды. Бұл сәттер аллеяға жиналған көпшіліктің арасындағы жылылық пен бірлікті айқын сездірді.

Балалар үшін ұйымдастырылған ойын-сауық бағдарламалары да кештің көркін аша түсті. Шат күлкіге толы сәттер, қуаныштан бал-бұл жанған жүздер аллеяны ерекше бір мейірім мен шуаққа бөледі. 

- Осы ауданда тұрамын. Бүгінгі мерекені ұйымдастырған барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Жаңа жылда жақындарымыз әрдайым аман-сау, жанымызда болсын, - дейді Әйгерім Кагарманова. 

Мерекелік кештің шарықтау шегі ел Президентінің Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтаған сәтімен тұспа-тұс келді. Экран арқылы жолданған жүрекжарды лебіздер жұртшылыққа жаңа жылға деген сенім мен үміт сыйлап, ортақ болашаққа деген жігерді арттырды. Осы әсерлі сәттен кейін аспан төрін жарқырата тілген отшашу мерекенің көрігін қыздырып, аллеяны сән-салтанатқа бөлеп жіберді. Түрлі түсті оттар түнгі аспанда құлпырып, жаңа жылдың басталуын айшықтай түсті.

Осылайша, Өскемен аллеясында өткен жаңа жылдық кеш ән мен ойынға, шаттық пен үмітке толы мазмұнды мерекеге айналды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұл кеш жаңа жылдың жарқын бастамасын білдірген, жүректе жылылық қалдырған ерекше сәт болып есте сақталды.


Айдос Мырзахметов 
Видео: Жалғас Сакадиев 
Фото: Артем Жигулин

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу