Облыс орталығындағы қоймада өрт шықты – ШҚО
Өскемен қаласында өрт қауіпсіздігі қызметінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында ірі қауіптің алдын алу мүмкін болды. Қаладағы Абай даңғылында орналасқан жеке тұрған павильондағы көтерме қойма аумағында өрт шықты, деп хабарлайды Altainews.kz.
Оқиға орнына шұғыл жеткен Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері қысқа уақыт ішінде отты ауыздықтап, өртті небәрі 5 шаршы метр аумақта толықтай сөндірді. Кәсіби әрі үйлесімді іс-қимылдың нәтижесінде тілсіз жаудың одан әрі таралуына жол берілмей, жақын маңдағы нысандар аман сақталды.
Абырой болғанда, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Материалдық шығын көлемі анықталу үстінде. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі кәсіпкерлер мен нысан иелеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Әсіресе, қойма және сауда объектілерінде өрттің алдын алу шараларын уақтылы жүргізу, электр желілерінің жарамдылығын тексеру және өртке қарсы құралдардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету – адам өмірі мен мүліктің қауіпсіздігін сақтаудың басты кепілі.
Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы көптеген төтенше жағдайлардың алдын алуға болады.

