2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, ел дамуының негізгі бағыттарын, алдағы реформалардың маңызын және қоғам алдындағы ортақ міндеттерді айқындады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Президенттің айтуынша, алдағы жыл Қазақстан үшін жаңғырудың жаңа кезеңінің бастауы болмақ. Экономиканың негізгі салаларын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік міндеттемелерді орындау жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар, цифрлық трансформация мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде белгіленді.
Мемлекет басшысы «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында үшінші жыл қатарынан әр баланың есепшотына қаражат аударылатынын атап өтті. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» жобасы ел бойынша жалғасын тауып, қалалар мен ауылдарды көркейтуге бағытталмақ. Бұдан бөлек, Қазақстанның ұсынысымен БҰҰ 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады.
Президент, сондай-ақ Жаңа жылды қызметте қарсы алып жатқан азаматтарға алғыс айтып, ел болашағы үшін бірлесе еңбек етуге шақырды.
«Біз бәріміз табанды еңбек етуіміз керек, сонда ғана еліміз зор табыстарға жетеді. Бұл, ең алдымен, халқымызға қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің Жаңа жылдық үндеуі 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау арқылы елдің даму бағытын айқындап, қоғамды бірлікке, еңбекке және жаңа технологияларды игеруге үндеді.