Ірі қара мал етін экспорттауға квоталар енгізілді
2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге ірі қара мал етін әкетуге арналған квоталарды бөлу қағидалары күшіне енеді. Аталған норма 2026 жылғы 30 маусымға дейін қолданыста болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Белгіленген тәртіпке сәйкес, ірі қара мал етін экспорттауға арналған квотаның жалпы көлемі 20 мың тоннаны құрайды. Квота мөлшері бір тұлғаға бордақылау алаңының қуаттылығына байланысты айқындалады.
Атап айтқанда:
• бордақылау алаңының қуаттылығы 5 000 бастан бастап — 1 000 тонна;
• 10 000 бастан бастап — 2 000 тонна;
• 15 000 бастан бастап — 3 000 тонна;
• 20 000 бастан бастап — 4 000 тонна;
• 50 000 бастан бастап — 10 000 тонна квота қарастырылған.
Квота ет өңдеуші кәсіпорындарға өз бордақылау алаңдарындағы ірі қара мал басын пайдалану шартымен бөлінеді. Бұл талап ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және экспорттық операциялардың ашықтығын арттыруға бағытталған.
Аталған шара ірі қара мал етін сыртқа шығару үдерісін реттеуге, сондай-ақ отандық ет өңдеу саласын қолдауға мүмкіндік береді.