ШҚО: Ет өндірісі мал бордақылау алаңдары есебінен ұлғайтылмақ
Фото: 716.kz
Шығыс Қазақстан облысында ет өндірісінің көлемін арттыру мақсатында жаңа мал бордақылау алаңдарын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өңірде жалпы сыйымдылығы 17,1 мың басты құрайтын 29 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Оның ішінде 8 алаң — 1000 бастан астам мал семіртетін өнеркәсіптік үлгідегі нысандар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2024 жылғы мамырдағы жағдай бойынша бордақылау алаңдарының жүктемесі небәрі 2 279 басты немесе 13%-ды ғана құрап отыр.
Ауыл шаруашылығын дамытудың жол картасы аясында биыл Зайсан ауданындағы «Әмір» шаруа қожалығында 1000 басқа арналған жаңа бордақылау алаңы салынуы жоспарланған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2025 жылғы 1 мамырға дейінгі есеп бойынша өңірдегі барлық санаттағы шаруашылықтарда 41 762,8 тонна ет (тірідей салмақта) өндірілген. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98,9%-ды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдары 31 756,9 тонна (99,1%), ал үй шаруашылықтары 10 005,9 тонна (98,3%) ет өндірген.
Ет өндірісін ұлғайту үшін өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімділік пен өнім сапасын арттыру бағытында субсидия беріледі.
2024 жылы мал шаруашылығын қолдауға 4 775 813,0 мың теңге бөлініп, бұл қаржы 1011 өтінім бойынша толық игерілген.
Сонымен қатар, қой шаруашылығын дамыту бағытында да қолдау көрсетілуде. Биыл осы салаға, оның ішінде резервтік өтінімдер бойынша, 480 534,5 мың теңге субсидия төленген.
Қазіргі уақытта облыстың Глубокое және Катонқарағай аудандарында дорпер тұқымды қой өсіру бағыты дамып келеді. Сала мамандарының айтуынша, бұл тұқым әртүрлі климаттық жағдайларға бейім болғандықтан, оны өңірдің құрғақ оңтүстігінде де, қоңыржай аймақтарында да өсіруге мүмкіндік бар.